Smart National Burabay – туристердің қауіпсіздігі мен табиғатты қорғауға арналған жасанды интеллект

АСТАНА. KAZINFORM – Үш ай ішінде Smart National Burabay жүйесі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеті танымал туристік нысанында 103 мыңнан астам келу дерегін тіркеді. 

Smart National Burabay – туристердің қауіпсіздігі мен табиғатты қорғауға арналған жасанды интеллект
Фото: «Бурабай» МҰТП

2026 жылғы 1 тамыз бен 30 қазан аралығында жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған камералар туристер ағынын бақылауға, маршруттардағы жағдайды қадағалауға және табиғи аумақты тиімді басқаруға қажетті мәліметтерді жинауға мүмкіндік берді.

Жаңғыртылған жүйе сынақтан сәтті өтіп, бүгінде ұлттық парктің Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің күнделікті жұмысында қолданылып келеді. Жоғары ажыратымдылықтағы камералардан бейнежазбалар орталыққа нақты уақыт режимінде жеткізіледі. Бұл бірнеше туристік нысандағы жағдайды бір мезгілде бақылауға мүмкіндік береді.

Smart National Burabay – туристердің қауіпсіздігі мен табиғатты қорғауға арналған жасанды интеллект
Фото: «Бурабай» МҰТП

Бейнебақылау жүйесі Бөлектау тауын, Махаббат алқабын, Аютас, Кебістас және Максимка жартастарын, сондай-ақ Мойнақ жартасы мен Иманай бұлағының шолу алаңдарын қамтиды.

Smart National Burabay – туристердің қауіпсіздігі мен табиғатты қорғауға арналған жасанды интеллект
Фото: «Бурабай» МҰТП

Жүйенің басты мүмкіндіктерінің бірі — жасанды интеллектке негізделген бейнеаналитика. Оның көмегімен бейнежазбалардан адамдарды белгілі бір сыртқы белгілері бойынша іздеуге болады. Мысалы, оператор «жасыл футболка, қара шалбар» деген киім сипаттамасын енгізсе, жүйе сол белгілерге сәйкес келетін кадрларды табуға көмектеседі. Бұл бейнежазбалар мұрағатынан қажетті ақпаратты іздеуді айтарлықтай жеңілдетіп, қызметкерлердің уақытын үнемдейді.

— Бейнеаналитиканың мүмкіндіктері қазіргі бейнеағыннан да, мұрағаттағы жазбалардан да қажетті кадрларды жылдам табуға көмектеседі. Оператор адамның белгілі бір сыртқы белгілерін енгізеді, содан кейін жүйе сол сипаттамаға сәйкес келетін жазбаларды іріктейді. Бұл әсіресе адам туралы немесе белгілі бір оқиғаның мән-жайы жөніндегі ақпаратты жедел нақтылау қажет болған жағдайда өте пайдалы, — деп түсіндірді «Бурабай» МҰТП Жедел басқару орталығының басшысы Асылхан Ахметжанов.

Жүйе туристік нысандардағы жағдайды бақылаумен қатар, келушілер санын талдауға да мүмкіндік береді. Аталған кезеңде ең көп келуші Бөлектау тауында тіркелген. Мұнда 46 мыңнан астам келу дерегі есепке алынған. Ал Аютас, Кебіктас және Максимка нысандарының әрқайсысында шамамен 15–17 мың келу дерегі тіркелді.

Smart National Burabay – туристердің қауіпсіздігі мен табиғатты қорғауға арналған жасанды интеллект
Фото: «Бурабай»

Бұл статистика туристер ең көп баратын маршруттарды анықтауға, жекелеген табиғи нысандарға түсетін жүктемені бағалауға және мемлекеттік инспекторлардың жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл мәліметтер туристік инфрақұрылымды дамыту және келушілер көп шоғырланатын орындарға баруды ұйымдастыру кезінде ескерілуі мүмкін.

— Біз үшін ұлттық парктің әртүрлі аумақтарына туристердің қаншалықты жиі баратынын және туристік алаңдарда қандай жағдай қалыптасып отырғанын білу маңызды. Бейнебақылау осы мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Соның арқасында Жедел басқару орталығының қызметкерлері әр нысанға жеке бармай-ақ, бірнеше туристік орыннан бір мезгілде ақпарат ала алады, — деп атап өтті «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары, бас орманшы Бауыржан Махметов.

Smart National Burabay – туристердің қауіпсіздігі мен табиғатты қорғауға арналған жасанды интеллект
Фото: «Бурабай» МҰТП

Бүгінде Smart National Burabay жүйесі ұлттық парктің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналды. Интеллектуалды бейнебақылау мен келушілер ағынын талдау мүмкіндіктері туристер қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Бурабайдың табиғи мұрасын сақтауға ықпал етеді.