«Smart Zholy»-ның нәтижесі қандай
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры «Smart Zholy» бағдарламасының нәтижесін жариялады. Аталған бастама аясында үздік стартаптар анықталып, Сингапурға жолданады. Сол жерде венчурлық капиталды тартуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жылы «Smart Zholy» көмегімен қазақстандық Intellection стартапына сингапурлық қордан венчурлық инвестиция тартылды. Webtotem стартапы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы үздік стартаптардың ондығына қосылды және «Кәсіпорындарды бағдарламалық жағынан қамтамасыз ету үшін» санатында топ жарды. Бұдан бөлек, «Smart Zholy»-на қатысқан «Nommi» командасы инвестиция тартты. Компания саяхаттаушылар үшін роутер дайындайды. Ол арқылы адам әр кезде байланыста болады және роуминг үшін қосымша ақы төлемейді. Бұл өнімді АҚШ, Сингапур, Германия, Австралия, Канада, Ұлыбритания, Гонконг, Швейцария, Малайзия және тағы басқа елдердің азаматтары қолданады», - делінген қордың ресми хабарламасында.
Айта кетейік, бүгін Назарбаев Орталығында «Smart Zholy» бағдарламасының кезекті жеңімпаздары марапатталды. Енді, олар да өздерінің инновациялық жобаларын Сингапурда таныстыра алады.
Биылғы іріктеуден 20 команда (Оtbasy, Smartremont, Opera Build, Metrobot, Sagrad Forms, Pythonist, Easy Sales, BIM Cost, Q Bit, MobyDev, Foxout, Tastamat, Turaqshare, Botbek, Maintender, Verigram, KPRG, GoCode, We'Q, Biometric) өткен болатын.
Ал ақтық сында қазылар алқасы үздік 10 команданы анықтады. Олар - «Sagrad Forms», «Opera Build», «Turaqshare», «Pythonis»t, «Tastamat», «Verigram», «Biometric», «Otbasy» және «Q-Bit», «GoCode». Аталған командалар 23-24 мамыр аралығында Сингапурде өтетін Echelon Asia Summit стартап-алаңында өз жобаларын Азияның алдыңғы қатарлы венчурлық қорлары мен корпорацияларына таныстыратын болады.