«Смартфон синдромынан» құтыламыз ба?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 12 сәуір, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Смартфон синдромынан» құтыламыз ба?» - баспасөзге шолу

***

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-қадамын іске асыру аясында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды. Мәдениет және спорт министрлігі аталған Заңды іске асыруда үйлестіруші болып табылады. Осыған орай, «Егемен Қазақстан» газеті Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Алмасұлы Әзілхановты әңгімеге тартты.

«Тұрғындар алдындағы есеп беруге міндетті мемлекетті қалыптастыру мақсатында 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабыл­данды. Аталған Заң еліміздің құқықтық базасы үшін жаңалық болып табылады.

Осынау Заң тұрғындар алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына қоғамдық институттар мен азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі мемле­кеттік саясатты іске асыру құрал­дарының бірі болып табылатын жаңа қоғамдық институт - қоғамдық кеңестер ұғымы енгізді.

Заңнама қоғамдық кеңестерге бюджеттік бағдарламалар жобалары мен олардың орындалуы туралы есептерді, өңірлердің даму бағдарламалары мен мем­лекеттік және салалық бағдар­ламалар, стратегиялық жоспарлар, азаматтардың құқығы, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты нор­мативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау секілді бірқатар өкілеттіктер жүктейді.

Қоғамдық кеңестердің қызметі арқылы қоғам мен мемлекет ара­сында кері байланыс тетігі қалыптастырылып, қоғамдық бақ­ы­лау ұйымдастырылмақ және мемлекеттік органдар қызметінің мөлдірлігі қамтамасыз етіледі»,-дейді М. Әзілханов. Бұл сұхбат газетте «Қоғамдық кеңестер: мемлекет пен қоғам арасындағы диалог» деген тақарыппен берілген.

Бас басылымда «Үш ғарышкер» атты көлемді мақала жарияланды. Қазақстан аумағында орналасқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы ғылымның ең озық саласы үшін 60 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келеді. Адамзат өкілі Юрий Га­гарин ең алғаш алыс сапар­ға аттанған уақыттан бері қарайғы жарты ғасыр­дың ішінде барлығы 38 елден 545 ғарышкер біздің Бай­қоңырдан аттанып, ғарыш кеңістігінде болып қайт­қан екен. Аттары аңызға ай­налған сол тұлпар топтың мүшелері - қазақ ғарыш­керлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айым­бетов туралы шертетін тол­ғамды сыр аз емес. Бүгінгі Дүниежүзілік авиация және ғарыш күніне орай жазылған мақалада қазақ ғарышкерлері туралы егжей-тегжейлі баяндалған.

***

«Соңғы бес-алты жылда жұртшылық жаппай смартфон пайдалануға көшті. Заман ағымынан қалыспай, сапалы фото мен бейнеге түсіру мүмкіндігі бар, ғаламтор желісіне қосылатын телефондарды пайдаланбайтын адам кемде-кем. Бірі несиеге ресімдеді, бірі тірнектеп жинаған ақшасына сатып алды, бәлкім біреулерге сыйға тартты. Жә, мәселе мұнда емес. Мәселе - жақын уақытта қоғам өкілдерінің бір бөлігіне сол бір қимас «досымен» айырылысуға тура келеді. Себебі елімізде смартфон пайдалануға қатысты жаңа тәртіп енгізілді. 

Тізгін тарт, мемлекеттік қызметші!»,-деп жазады  «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Смартфон синдромынан» құтыламыз ба?» атты көлемді мақаласында. Бүгінгі күні Apple компаниясы ұсынған Iрhone брендімен танымал смартфондар, LG, Samsung компанияларының өнімдері зор сұраныс пен қызығушылыққа ие. Көп­шілік осы телефондардың соңғы үлгідегі түрін сатып алып, өзара бәсекеге де түсіп жатады. 

Осы басылымда «Жауынгердің ерлігі еленді» дегенматериал берілген. Қарулы күштерде қызмет ететін жауынгерлердің арасыда да бейбіт күннің батырлары аз емес. Олардың ерліктері елеусіз қалған жоқ, үкімет немесе ведомство тарапынан наградаға ұсынылды. Іздеуде жүрген қылмыскерді ұстауға көмектескен 22 жастағы қатардағы жауынгер Азамат Өнерханов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Оқиға болған кезде ақмолалық Аза­мат Өнерханов Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери борышын өтеп жүрген. Мерзімді әскери қызметін Шым­кент қаласындағы №6506 әскери бөлімінде атқыш-пулеметші болып атқар­ды, патруль-тұрақ қызметінде болды. Бірде көшеде кезекті патрульдік қызметін атқарып жүрген кезінде күтпе­ген оқиға болып, тез шешім қабыл­дауға тура келді. Көп ойланбастан шалт қимылдағандарының арқасында қылмыс жасап іздеу салынған азамат қолға түсті. 

***


«Жер-су атауларының мән-мағынасы география ғылымының да зерттеу нысаны болып табылатыны белгілі. Олай дейтін себебіміз, ономастика, топонимикалық зерттеулер география ғылымымен тікелей байланысты. 
Бұл орайда жер-су атаулары туралы географиялық карталарда көптеген мәліметтер кездеседі. Солардың басым бөлігі көне атаулармен байланысты зерттеулер. Осы ретте көне топонимдердің жазылу ерекшелігі, елді мекендердің орналасқан жерін анықтау және т.б. өзекті мәселе. Өйткені ондай зерттеулерді жүргізген кезде географиялық атауларды жүйелеуден бөлек, байырғы атауларды қалпына келтіру мәселесі де туындайды»,-деп жазады «Ана тілі» газеті соңғы санында жарық көрген мақаласында. Ал жер бетіндегі көне атауларға келетін болсақ, олардың тарихы тым тереңде жат­қаны анық. Еліміздің аумағында кездесетін көне атаулардың өзі том-том зерттеу ең­бектеріне арқау боларлықтай дүние. Ал кезінде олардың бәрі бір-бір елді мекенді немесе шаһарларды, өзен-көлдердің атауларын білдірген. Бұл жайында басылымдағы «Көне атаулар - тарихтың бір парағы» атты мақаладан толық оқи аласыздар.