Смартфондарды тіркеу ережесі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тіркелген байланыс жобаларын мониторингілеу және дамыту басқармасының басшысы Азамат Серіктаев айтты.

- Қабылдап жатқан ережеге сәйкес, абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болады. Ереженің ең басты мақсаты – тұтынушылар мен абоненттерді қауіпсіз және тексерілген абоненттік құрылғылармен қамтамасыз ету. Егер құрылғыңыз аталған ереже заңды күшіне енгенге дейін сатып алынған болса, ешқандай қобалжудың, алаңдаудың еш қажеті жоқ, - деді Азамат Серіктаев.
Оның атап өтуінше, бұл ереженің осы жылдың 24 наурызына дейін сатып алынған абоненттік ұялы байланыс құрылғыларына еш қатысы болмайды. Аталған мерзімге дейін сатып алынған ұялы байланыс құрылғылардың барлығы автоматты түрде «ақ» тізімге енгізіледі.
- Яғни, заңның кері күші жоқ. Ереже заңды күшіне енгеннен кейін ғана сатып алынған құрылғыларға ғана қатысты болады, - деді басқарма басшысы.
Азамат Серіктаевтың сөзіне қарағанда, ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу қағидаларына енгізілетін өзгерістер құрылғылар бағасына әсер етпейді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 24 наурыздан бастап абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Осыған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың ұялы байланыс операторлары арасында бәсекелестік байқалмайтыны туралы айтқанын жаздық.