Смартфонсыз мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мүмкіндіктері шектеліп отырған жоқ - Ә. Көмекбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Әли Көмекбаев мемлекеттік қызметкерлерге смартфонның қажеті де шамалы деп есептейді.

Смартфонсыз мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мүмкіндіктері шектеліп отырған жоқ - Ә. Көмекбаев

Бұл туралы ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында мәлім етті.

"Менде қарсы сауал бар, смартфон не үшін қажет? Смартфон болмаған соң, әлеуметтік желіде отыруға және біреумен әңгімелесуге мүмкіндік болмайды. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби қызметіне қатысты барлық мүмкіндіктер сақталған. Интернеттері бар, телефондары бар. Әрбірінің компьютерінде интернет желісі қосылған. Әрине әлеуметтік-сауықтық желілерге кіру мүмкіндіктері жоқ", - деп атап өтті Ә. Көмекбаев.

Департамент басшысының ойынша, смартфонсыз тіпті жұмыс істеу ыңғайлы.

"Бірінші күннен бастап бізде смартфон қолдану деген жоқ. Министрлікте бірінші қабатта арнайы жәшіктер бар. Біз сол жерге тапсырамыз. Бірақ мен оны тіпті жұмысқа әкелуден қалдым және смартфонсыз өмір ыңғайлы ма деп ойлап отырмын. Ол менде үйде жатыр, тіпті қоспаймын да. Жұмысқа қарапайым қалта телефонымен келеміз. Оның қуаты 5 күнге дейін жете береді, ыңғайлы секілді", - деді ол.