Смайылов: Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мені алдай алмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерге нақты кемшіліктерін көрсететінін айтты.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер аудиторлық палата төрағасынан Үкімет басшысы ретіндегі бұрынғы лауазымы мен қазіргі қызметіне қатысты сұрақ қойды.
«Бүгін сіз Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде 2023 жылдағы өз жұмысыңызды бағалап жатырсыз. Бұл тұрғыда қайшылық бар деп ойламайсыз ба?», - деп сұрады тілшілер.
Өз кезегінде Ә.Смайылов қайшылық жоқ екенін айтты.
«Премьер-Министр қызметіне тоқталсам, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиісті қаражатты сұрады. Олар бұл қаражатты қандай мақсатта сұрағанын және қай негіздемеге сүйенгендері маған өте жақсы мәлім. Біз сол бюджеттік процестің негізінде тиісті қаражатты нақты мәселелерді шешуге, жобаларды орындауға белгілеп, бағдарладық. Іс жүзінде бұл қаржы қаншалықты мақсатқа сай әрі тиімді игерілуіне қатысты аталған бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жауапты. Өкінішке қарай, талаптарды бұзу жағдайлары болып жатады. Жоғары аудиторлық палата төрағасы ретінде осы әкімшілермен кездесіп, аудиторлық жұмыстың негізінде қаражаттың қаншалық тиімді пайдаланғанын көрсетемін. Олар түрлі аргументті айта алмайды, себебі мені алдай алмайды. Атап айтқанда, бұл қаражатты бөлген кезде, олар маған келіп, нақты жобаларды айтқан еді. Сондықтан олардан нақты сұрауға менде толық мүмкіндік бар», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасы бюджет әкімшілеріне қатаң сұрау болатынын ескертті.
Еске салсақ, Әлихан Смайылов 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалды.
2024 жылдың ақпанында Президент Үкіметті отставкаға жіберді.
Ал биыл сәуір айының басында Ә.Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындалды.