Смайылов моноқалаларда бизнесті дамытуды тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрі Әлихан Смайылов моноқалалар мен шағын елді мекендерде бизнесті дамытуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бизнес негізінен ірі қалаларда шоғырланған. Сондықтан моноқалалар мен шағын елді мекендерде бизнестің дамуына жағдай жасап, мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Ол үшін «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», моно және шағын қалаларды дамыту, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы – 2025» жобалары шеңберінде қолдау көрсетіліп жатыр.

Мемлекеттік органдар «Атамекен» ұлттық палатасымен және өңірлермен бірлесіп, жобалардың жергілікті жерлерде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет», – деді ол Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, шикізаттық емес салалардың, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін кеңейту керек.

«Жалпы алғанда, талдау нәтижелері бизнестің шағымдары мен өтініштері негізінен жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, салықтық әкімшілендіру, сәулет және қала құрылысы, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету салаларына қатысты екенін көрсетіп отыр.

Мемлекеттік органдар өңірлермен бірлесіп, бизнестен түсетін барлық өтінішті сапалы және уақытылы қарауы қажет.

Білікті мамандарды, әсіресе жоғары технологиялық сала мамандарын сапалы даярлауды қамтамасыз ету керек.

Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек министрліктері, «Атамекен» палатасы және өңір әкімдіктері кадрларды даярлау мен оқыту жүйесін қазіргі заман талаптарына бейімдеу жөнінде шаралар қабылдауы тиіс», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар