Смайылов жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін реформалауды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін реформалау қажет. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері. Ең алдымен, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін реформалау қажет. Бүгінде сақтандыру компанияларымыз зардап шеккендерге тек сақтандыру төлемдерін жасайды. Дегенмен, әлемдік тәжірибеде жазатайым оқиғаларды сақтандыру өтемақыдан басқа, алдын алу және оңалту қызметтерін де қамтиды», - деді Үкімет басшысы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Премьер-Министр қаржы институттарын жұмыспен қамтылғандарды әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне тарту жұмыстарының мардымсыз жүргізілетініне де назар аудартты.
«Жалақының ресми деңгейі және зейнетақы мен әлеуметтік аударымдар ұсталатын табыс деңгейі арасындағы айырмашылық салық органдарынан да, жергілікті атқарушы органдардан да талдауды әрі бақылауды талап етеді. Еңбек министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және қаржы институттарымен бірге нақты ұсыныстар әзірлеп, енгізуі қажет», - деді Әлихан Смайылов.