Смета өсті, құрылыс созылды: Қазақстанда шығыны қатты өзгерген ТОП-10 жоба

АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жариялап, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы құрылыс барысы қатаң бақыланатынын да ескертті. Өйткені Қазақстанда бастапқы сметасы бірнеше есе өсіп, құрылысы жылдарға созылған жобалар аз емес. Бұған дейінгі ірі құрылыстар қаншаға қымбаттады, оған қандай себептер әсер етті? Kazinform тілшісі тәуелсіздік жылдарындағы осындай 10 жобаны салыстырды.

құрылыс
Коллаж: Kazinform / ЖИ

1. Щучинскідегі республикалық шаңғы базасы мен трамплин – 312,3 пайыз

Бұл – біздің рейтингтегі ең жоғары көрсеткіш. Шаңғы базасының құрылысы 2005 жылы басталып, бастапқыда 9,346 млрд теңгеге бағаланған. Нысанды 2008 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Алайда 2009 жылы смета 15,244 млрд теңгеге дейін өсті. 2016 жылғы 22 қыркүйекте республикалық бюджеттік комиссия жобалық-сметалық құжаттамаға өзгеріс енгізіп, құрылыс құнын 38,531 млрд теңгеге жеткізді. Осылайша бастапқы бағамен салыстырғанда жоба 29,185 млрд теңгеге немесе 312,3 пайыз қымбаттады.

трамплин
Фото: olympic.kz

Құрылыстың аяқталуы он жылдан астам уақытқа созылды. Трамплиндер 2018 жылғы шілдеде ашылды. Мемлекеттік аудит пен министрліктің түсіндірмесінде қаржының уақтылы бөлінбеуі, құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуы және теңге бағамының өзгеруі себептер ретінде аталды. 2017 жылы Мәжіліс депутаты Дания Еспаева сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына депутаттық сауал жолдап, нысан құнының өсуіне қатысты түсініктеме сұрады. Министрлік қаржының толық бөлінбеуінен құрылыс кезең-кезеңімен жүргізілгенін айтқан. Сметаны 2016 жылы республикалық бюджеттік комиссия қайта қарады.

2. Өскемендегі Гематология орталығы – 122,8 пайыз

Гематология орталығының бастапқы жобалық құны 32 млрд теңге болған. Құрылыс 2020 жылы басталды. Бас мердігер B&A Contractors SA компаниясымен 31,6 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Бастапқы жоба 103 төсек-орынға есептелді. Кейін медициналық қызмет түрлері кеңейіп, кардиология және кардиохирургия бөлімдері қосылды. Төсек-орын саны 146-ға дейін артты.

2022 жылы түзетілген жоба құны 72,3 млрд теңгеге жетті. Кейін мердігермен келіссөзден соң 71,3 млрд теңге болып бекітілді. Бастапқы 32 млрд теңгемен салыстырғанда өсім 39,3 млрд теңге немесе 122,8 пайыз. Қымбаттауға жобаның ауқымын кеңейту, құрылыс материалдары мен медициналық жабдықтар бағасының өсуі себеп ретінде көрсетілді.

а
Фото: Руслан Мухамедьяров / Kazinform

Нысан 2022 жылы аяқталуы керек еді. Алайда құрылыс бірнеше рет кешігіп, 2025 жылы аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 33,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Биыл 30 қазанда нысан ресми ашылып, жобаның жалпы құны 84,3 млрд теңгеге жеткені айтылды.

3. Атыраудағы оң жағалаудың кәріз-тазарту құрылыстары – шамамен 118,9 пайыз

Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту жобасының бастапқы құны 18,5 млрд теңге болды. 2021 жылы мердігер ретінде «Павлодар өзен порты» АҚ таңдалып, келісімшарт жасалды. Құрылыс 2022 жылы аяқталуы керек еді. Алайда жобалық құжаттама бірнеше рет түзетіліп, құны 40,5 млрд теңгеге дейін өсті. Бастапқы бағамен салыстырғанда 22 млрд теңгеге немесе 118,9 пайыз қымбаттады.

Мердігер 2022 жылы құрылыс материалдары, жабдықтар, жұмыс күші мен тасымал құнының өскенін айтып, жобаны қайта қарауды сұрады. Жобаны түзету жөнінде тапсырма беріліп, 2023 жылғы қарашада мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Атыраудағы оң жағалаудың кәріз-тазарту құрылыстары
Фото: Үкімет

2026 жылы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев нысанды аралап, жобада 40 жыл бұрынғы технологиялар қарастырылғанын сынады. Оның айтуынша, жобалау жұмыстары сапасыз жүргізілген, технологиялық шешімдерді қайта қарау қажет. Жобалық құжаттаманы «Құрылыс Эксперт Проект» ЖШС әзірлеген. Бұл нысанда қымбаттауға құрылыс материалдарының бағасы ғана емес, жобалау сапасы да әсер еткен.

4. Қарағандыдағы 200 орындық балалар ауруханасы – 113,1 пайыз

Аурухананың бастапқы жобалық-сметалық құжаттамасы 2008 жылы 6,1 млрд теңгеге бекітілді. Қаржы тапшылығына байланысты құрылыс бес жыл бойы басталмады. 2013 жылы жоба қайта қаралып, құны 8,2 млрд теңгеге өсті. Тендерді «Заводстрой» ЖШС жеңіп алды. Компания құрылыс жұмыстарын 2016 жылға қарай аяқтағанымен, медициналық жабдықтарды сатып ала алмады. Шарт міндеттемелерін орындамағаны үшін сот оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп таныды.

2021 жылы жоба қайта түзетіліп, құны 12,5 млрд теңгеге жетті. Жаңа мердігер ретінде «Оливия» ЖШС таңдалды. 2022 жылы медициналық жабдықтардың қымбаттауына байланысты смета тағы өзгеріп, жалпы құн 13 млрд теңгеге жетті. Бастапқы 6,1 млрд теңгемен салыстырғанда өсім 6,9 млрд теңге немесе 113,1 пайыз.

Қарағанды балалар ауруханасы
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Аурухана 2023 жылғы маусымда ашылды. Бастапқы жобалық құжаттама бекітілген 2008 жылдан бастап пайдалануға берілгенге дейін 15 жыл өтті. Мемлекеттік аудит жобалық құжаттаманың сапасыз әзірленуін және құрылыс барысында шешімдердің бірнеше рет өзгеруін негізгі себептердің бірі ретінде атады.

5. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір – 104 пайыз

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы 2019 жылы қолға алынды. Жобаның бастапқы құны 30,2 млрд теңге деп көрсетілді. Кейінгі құны 61,4 млрд теңгеге жетті. Айырмасы 31,2 млрд теңге немесе 103,3 пайыз.

Бұқтырмадағы көпірге 100-ден астам камера қойылды
Фото: Көлік министрлігі

Құрылыс 2020 жылы басталып, көпір 2024 жылы ашылды. Қымбаттаудың ресми себептері ретінде 2017 жылы әзірленген жобалық құжаттама, құрылыс материалдарының қымбаттауы және валюта бағамының өзгеруі аталды.

6. Семейдегі «Абай-Арена» – 44,6 пайыз

Семейдегі мәдени-спорт кешенінің құрылысы 2017 жылы басталды. Жобаға сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастамашы болды. Бастапқы смета 18,284 млрд теңге болса, кейін 26,447 млрд теңгеге дейін өсті - 8,163 млрд теңге немесе 44,6 пайыз.

Абай-Арена
Фото: fcsemey

Кешен 2019 жылдың желтоқсанында ашылды. Бас мердігер «Фирма Азия» ЖШС директоры Сауле Дүскужанова жобалық құжаттамада көптеген қате болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, инфляция коэффициенті дұрыс қолданылмағандықтан, құрылыс материалдары мен жабдықтардың бағасы төмен есептелген. Мердігер сметаны өзгерту туралы шешім сараптама қорытындысынан кейін қабылданғанын түсіндірді. Бұл жобаға да қоғам тарапынан құрылыс құнына байланысты сын көп айтылды.

7. «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолы – 42,8 пайыз

«ҚазАвтоЖолдың» даму жоспарында автожолдың 11-100 шақырымдық учаскесінің бастапқы құны 98,9 млрд теңге деп көрсетілген. Құжаттағы мәлімет бойынша, смета 42,8 пайыз өскен. Жоба 2020 жылы қолға алынған еді. Үкіметтің ресми түсіндірмесінде пандемия, төтенше жағдай және құрылыс шығындарының эскалациясы аталған.

«Ақтөбе – Қандыағаш» автожолы
Фото: Қазавтожол

Қосымша шығынның қандай бөлігі материалдар бағасының өсуіне, қандай бөлігі жобалық өзгерістерге тиесілі екені туралы ресми мәлімет жоқ.

8. Астана ЖЭО-3 – 40,6 пайыз

Астанадағы үшінші жылу электр орталығының бастапқы сметасы 86,8 млрд теңге болған. 2021 жылы жоба құны 122 млрд теңгеге дейін көтерілді. Өсім - 35,2 млрд теңге немесе 40,6 пайыз.

Трудовой коллектив столичной ТЭЦ-3
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

ЖЭО құрылысы елордадағы жылу тапшылығын азайту үшін қолға алынды. Құнның өсуі құрылыс материалдары мен жабдықтардың бағасына, жобаны іске асыру мерзіміне байланысты түсіндірілді.

9. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолы – 31,5 пайыз

Бұл жолдың 287-1073 шақырымдық учаскесінің бастапқы құны 382,2 млрд теңге болған. «ҚазАвтоЖолдың» даму жоспарында сметаның 31,5 пайызға өскені көрсетілген. Жоба 2016 жылдан бері іске асырылып келеді. Қымбаттаудың ресми себептері ретінде пандемия, төтенше жағдай және негізгі жол-құрылыс материалдарының қымбаттауы аталған.

«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолы
Фото: ҚазАвтоЖол

10. «Қалбатау – Майқапшағай» автожолы – 31,4 пайыз

Жолдың 906-1321 шақырымдық учаскесінің бастапқы құны 213,7 млрд теңге болған, смета 31,4 пайыз өскені көрсетілген. Жоба 2016 жылдан бері іске асырылып келеді. Ресми түсіндірмеде пандемия, төтенше жағдай және құрылыс материалдарының қымбаттауы аталған.

«Қалбатау – Майқапшағай» автожолы
Фото: ҚазАвтоЖол

Рейтингтен тыс: Павлодардағы Ертіс көпірі

Павлодарда Ертіс арқылы салынған жаңа көпірдің құнына қатысты да үлкен айырмашылық бар. 2022 жылы жобаның құны шамамен 40,3 млрд теңге деп жарияланды. 2024 жылы 38,8 млрд теңге көрсеткіші айтылды. Кейін жобаның құны 71,4 млрд теңгеге жеткені хабарланды. Егер 38 млрд теңгені бастапқы баға деп алсақ, өсім 87,9 пайыз болады. Бірақ «ҚазАвтоЖол» бұл соманың бүкіл жобаның толық құны болмағанын мәлімдеген.

мост
Фото: Артем Викторов /Kazinform

PS: Рейтингке мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылған және бастапқы бекітілген құны мен кейінгі түзетілген немесе нақты құны туралы мәліметтер ашық дереккөздерде қолжетімді құрылыс жобалары енгізілді.