Смоленск жерінен табылған қазақ жауынгерінің сүйегі Атырауға жеткізілді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Ресей Федерациясындағы Смоленск облысының аумағынан табылған қазақ жауынгерінің сүйегі Атырауға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан бұрын Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен қазақ жауынгерінің дерегі табылғанын хабарлаған едік. Ресейдегі «Переправа» отрядының командирі Наталья Максимованың мәліметінше, биылғы қазанда Смоленск облысының Кардым ауданындағы іздестіру жұмыстары кезінде белгісіз жауынгердің тұтынған заттары, елге жазған хаты табылған.
«Туған жеріне тағы бір ұлы оралды. Бұл – егемендік пен елдіктің ерек көрінісі. Екінші Дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең бір қанды қасап болды. Оған қазақ елінен жүздеген мың жауынгер қатысса, Атыраудан да мыңдаған адам аттанған еді. Сол сойқанда қаншама азаматтарымыз қаза тауып, сүйектері жат жерде қалды. Соғыс даласынан оралмаған боздақтардың бірі – Сапарғали Мұқатов. Атыраулық жауынгердің сүйегі арада 80 жылдан кейін туған жер топырағына жеткізілді. Сапарғали Ербатырұлының рухы енді туған жерде тыныштық табады. Сонау қиырда қалған батырдың сүйегі арада жылдар өткенде туған жердің қойнына тапсырылайын деп тұр. Бұл – тәу етер Тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздігіміз бен тыныштығымыз мәңгілік салтанат құрсын»,- деді өңір басшысы.
«Жауынгердің медальонындағы қағазда «Каз ССР. Гурьевская область, г. Гурьев, Баксайский район, посёлка Сарайчик, получить Ербатыровой Рахимой» деген жазу бар. Бұл қағазда жауынгердің аты-жөні жазылмаған. Бұл біз үшін жұмбақ болды. Қазақстандық іздестірушілерден белгісіз жауынгердің туыстарын табуға көмек сұрадық. 1940 жылдары сол елді мекенде Ербатырова Рахима есімді жалғыз әйел болғаны анықталды» деген еді «Переправа» отрядының командирі Наталья Максимова.
Кейін Смоленк облысынан дерегі табылған белгісіз жауынгердің Сапарғали Ербатырұлы Мұқалов екені анықталды. Ол 1920 жылы ҚазКСР Гурьев облысы Бақсай ауданы Сарайшық ауылында дүниеге келген. Ал, 1940 жылғы 22 қазанда Гурьев әскери комиссариатымен Қызыл Армия қатарына шақырылған. Әскери борышын өтеуді Чита облысында бастаған. Жауынгер 1941 жылы Смоленск шайқасына танк дивизиясы құрамында қатысқан.
Батырдың сүйегінің туған жерге оралуына тек Атыраудың ғана емес, Ресей Федерациясының «Переправа» іздеу отрядының командирі Наталья Максимова, Павлодардың «Майдан жолы» іздеу отрядының командирі Александр Шитов, Атырау облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі Қуаныш Юсупов және өзге де белсенді азаматтар атсалысқан.

Солардың қатарында Атырау облыстық «Былина» орыс этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев те бар. Ол шара барысында жауынгердің майдан даласында көрсеткен ерен ерлігі туралы әңгімеледі.

Сондай-ақ, жауынгер ерлігіне тағзым етуші ұрпақтарының атынан сөз алған Марат Үмбетәлиев рәсімде «өшкені жанғандай, жоғалғаны табылғандай» толқып тұрғанын айтты. Жауынгердің сүйегін туған жерге әкеліп, қайта жерлеуді ұйымдастыруға себепші болған өңір басшылығына ризашылығын білдірді.

«Адамзат баласы туған жеріне туған бойда тамырымен байланады деседі. Арада қанша уақыт өтсе де оларды ажыратпайтын бір тылсым күш бар. Сапарғали Ербатырұлының чүйегінің туған жеріне жеткізілуі – атамекен мен адам арасындағы ұлы байланыстың айғағы болса керек», - деді Марат Үмбетәлиев.

Майдан даласында хабарсыз кеткен атыраулық жауынгердің сүйегі мұсылмандар қорымына жерленді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Смоленск облысында атыраулық жауынгердің елге жолдаған хаты табылып , оның сүйегі елге жеткізілетінін хабарған болатынбыз.

