Снежанна Имашева Құрылтайдың үйлестіруші органына қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтайдың Бюросы ұйымдастырушылық мәселелерді шешеді. Бұл туралы бүгін елордада Құрылтай Регламентін қабылдау кезінде депутат Снежанна Имашева мәлім етті.

Снежанна Имашева
Фото: видеодан алынған скрин

 

- Құрылтайдың жұмыс органдары – тұрақты комитеттер мен комиссиялар. Комитеттер заң жобалау жұмысын жүргізу және Құрылтайдың қарауына жататын мәселелерді әзірлеу үшін құрылады. Құрылтайдың үйлестіруші органы – Бюро. Оны Құрылтай Төрағасы басқарады. Бюро құрамына Төрағаның орынбасарлары, тұрақты комитеттердің төрағалары және саяси партиялар фракцияларының жетекшілері кіреді, - деді С. Имашева Құрылтайдың жалпы отырысында.

Осы орайда ол Бюро ұйымдастырушылық мәселелерді шешетінін, яғни заң жобалары бойынша бас комитеттерді айқындайтынын, күн тәртібінің жобаларын қалыптастыратынын, жұмыс органдарының қызметін үйлестіретінін, тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу туралы шешімдер қабылдайтынын атап өтті.

- Бюро Құрылтай жұмысының барлық бағыттарының ұйымдық тұрғыдан өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуге тиіс, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Құрылтай отырыстары өтетін апта күндері бекітілді.