Сноуденнің әкесі: Баламның орнында болсам, Ресейде қалар едім

АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат - АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуденнің әкесі Лон «Ресей-24» телеарнасына берген сұхбатында егер баласының орнында болса, Ресейде қалатынын мәлім етті. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Сноуденнің әкесі: Баламның орнында болсам, Ресейде қалар едім

Сонымен қатар ол ресейлік билік Эдвардқа уақытша баспана береді деген үмітін білдірген.

«Менің ойымша, Ресейде баламды қорғауға және оған зиян келтіруге ниеттілерден арашалауға табандылық пен мүмкіндік бар», - деді Лон Сноуден.

«Сондықтан да оның орнында болсам, мен Ресейда қалар едім. Осы орайда Ресей осындай қадам жасайды деген (баспана береді) үміттемін», - деп толықтырды ол.

Лон Сноуден сонымен қатар Ресей халқына, Владимир Путинге және осы елдің үкіметіне ұлын қауіпсіздікте сақтау тұрғысындағы күш-жігеріне алғысын айтты.

Еске сала кетсек, өткен айда Эдвард Сноуден АҚШ арнайы қызметінің түрлі елдердегі азаматтардың интернеттегі және телефондағы байланыстарын жасырын тыңдайтын құпия бағдарламасын жұртшылыққа жария еткен болатын. Бағдарлама халықаралық деңгейде дау тудырып, АҚШ-тың одақтастары да оған наразылықтарын білдірген еді.

Ол 23 маусымда Гонконгтен Мәскеуге ұшып келіп, содан бері Шереметьево әуежайында тұрып жатыр. Американдық ресейлік биліктен уақытша баспана беру туралы өтініш жасады.