Собянин Мәскеу мэрі болып бейсенбі күні бекітіледі

АСТАНА. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат - Мәскеу қалалық думасы қаланың жаңа мэрінің кандидатурасын қазанның 21-і, бейсенбі күні болатын жасырын дауыс беру кезінде бекітеді. Бұл туралы «РИА «Новости» агенттігі хабарлап отыр.

Собянин  Мәскеу  мэрі  болып бейсенбі күні  бекітіледі

Қазанның 15-інде Ресей Президенті Дмитрий Медведев Мәскеу мэрінің өкілеттігін беру туралы мәселені қарау үшін РФ Вице-премьері - Үкімет аппаратының жетекшісі Сергей Собяниннің кандидатурасын Мәскеу қалалық думасының қарауына ұсынған болатын. Мәскеу қалалық думасы президент ұсынған кандидатураны кезектен тыс мәжіліс барысында қарамақ.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен саясаттанушылар С.Собяниннің Мәскеу басшысы қызметіне ең ықтимал кандидат екенін бұған дейін айтқан болатын. Естеріңізге сала кетейік, РФ Президенті Дмитрий Медведев қыркүйектің 28-індегі Жарлығымен Мәскеу мэрі Юрий Лужковты «Ресей Федерациясы Президентінің сенімінен айрылуына байланысты» қызметінен босатқан еді.