«Сочи-2014» Қысқы Олимпиадасында Қазақстан кем дегенде екі медальдан үмітті

Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов мәлім етті, деп жазады Primeminister.kz сайты.
«Ұлттық құрама командасының алдына лицензия саны бойынша да, спорт түрлері саны бойынша да Ванкувердегіге қарағанда жақсы нәтиже көрсету міндеті қойылған. Сочиде өтетін Олимпиадада әртүрлі деңгейдегі екіден кем емес медаль ұтып алу міндетін алға қойдық», - деді Е. Қанағатов.
Ведомство басшысының орынбасары әлем чемпионаттарында және кубоктік жарыстарда сәтті ойын көрсеткен спортшылар марапатқа негізгі үміткерлер екенін атап өтті.
«Егер Сочидегі марапаттарға негізгі үміткерлер туралы айтатын болсақ, алдымен, шаңғы жарысында - Алексей Полторанин, ол әлем чемпионатында және кубоктік жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетті. Бұл расымен де, Сочиде өтетін Олимпиадада медальдар жеңіп алады деп үлкен үміт артып отырған спортшымыз», - деп өз ойымен бөлісті Е. Қанағатов.
Бұдан өзге, ол командалық спринтте Н. Чеботько мен А.Полторанинге үміт артылатынын айтты.
Қазақстанның негізгі қарсыластары туралы айта отырып, Е.Қанағатов Ресей, Норвегия, Швейцария шаңғышыларын атады.
Әлем чемпионаттарында көрсеткен нәтижелерді ескерсек, коньки тебу спортындағы, мәнерлеп сырғанау және фристайл могулдегі, биатлондағы спортшылар жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Ванкуверде 2010 жылы өткен Қысқы Олимпиадада Қазақстан 1 күміс медаль жеңіп алып, жалпы есепте 25-інші орынды иеленген болатын.
Сочи қаласындағы (Ресей) XXVII Қысқы Олимпиада ойындары 2014 жылдың 7- 23-ші ақпан аралығында өтетіні мәлім.
Жарыс барысында 15 спорт түрі бойынша 98 медаль жиынтығы ойнатылады. Лицензиялық жарыс 2014 жылдың қаңтарына дейін жалғасады.