«Сочи-2014» Олимпиадасына баратын Қазақстан ұлттық құрамасының спорттық киім үлгісіне байқау жарияланды

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі «Сочи-2014» Қысқы Олимпиадасына баратын Қазақстан ұлттық құрамасының спорттық киім үлгісіне байқау жариялады.

«Сочи-2014» Олимпиадасына баратын Қазақстан ұлттық құрамасының спорттық киім үлгісіне байқау жарияланды

«Бұл байқау алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әрбір мемлекет 4 жылда бір өтетін олимпиадалық ойындарға арнайы дайындықпен барады. Соның ішінде дүниежүзі тамашалайтын ашылу салтанатындағы парадтық киімдерге де ерекше көңіл бөледі. Спорттық киім жайлы түрлі пікірлер айтылды. Кейбірін мақтады, екінші бірі сынға түсіп жатты. Сондықтан осы жолы агенттік киім үлгілерін дұрыстап дайындау мақсатында аталған байқауды жариялауға шешім қабылдады», - деді ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі басшысының орынбасары Елсияр Қанағатов бүгін өткізілген баспасөз мәслихатында.

Айта кеткен жөн, дизайнерлердің ең үздік жұмыстарын халық таңдайтын болады. Бүгін басталған байқау барысында арнайы құрылған комиссия 27 мамыр күні үздік үш дизайнердің жұмысын іріктеп алады. Кейін үлгілер агенттіктің сайтында орналастырылып, оған әрбір қазақстандық өз даусын бере алады. Ең көп дауыс жинаған жеңімпаз есімі және оның дайындаған киім үлгісі 30 мамыр күні жарияланады. Үздік дизайнерге «Сочи-2014» Олимпиадасына барып-қайтуға екі жолдама берілмек. Агенттіктің ақпаратына сәйкес, аталмыш жолдамалардың нарықтағы құны 20 мың АҚШ долларынан асады.

«Спорттық киім жиынтығы 30-ға жуық киімнен тұрады. Оның құны тігуші компания анықталған соң белгілі болады. Ванкувер Олимпиадасын алатын болсақ, бір спортшының жиынтық киіміне 347 мың теңге жұмсалды. Бұл жолы бұдан да көп болады деп ойлап отырмыз. Өйткені сапалы киім дайындау үшін қомақты қаражат шығындауға тура келеді», - деді агенттік төрағасының орынбасары.

Е.Қанағатовтың айтуынша, киімдерді тігу барысында оның сапасына және жазулардың қате жазылмауына да үлкен мән берілмек.

«Ондай кемшіліктер бұның алдында орын алып жатты. Оған да арнайы көңіл бөлеміз. Әрбір киім тексерілетін болады. Жазулардағы қателіктерді болдыртпаймыз», - деп атап көрсетті ол.

Еске сала кетсек, Туринде өткен Ақ Олимпиадада Италияның белгілі дизайнерлері Домнико Дольче мен Стефано Габбано "La Stampa" газетінде қазақ спортшылары Олимпиаданың ашылу салтана­тына киіп шыққан киімдері басқа елдерге қарағанда әдемі әрі сәнді болғанын атап өткен болатын.