Сочиде Путин мен Янукович не жөнінде сөйлесті?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиаданың ашылар күні Ресей президенті Владимир Путин украиналық көшбасшы Виктор Януковичпен бетпе-бет кездесіп, пікір алмасты.

Сочиде Путин мен Янукович не жөнінде сөйлесті?

Бұл туралы ресейлік президенттің кеңесшісі Юрий Ушаков мәлім етті. Алайда, ол мемлекет басшылары не жайында сөйлескенін және қандай да бір келісімге қол жеткізгендігі жайында нақтыламады.

Айта кетейік, желтоқсанда Мәскеу мен Киев Украина үшін ресейлік газдың құнын үштен бір бөлікке төмендету туралы, сондай-ақ Ресей тарапының Украинаның еуробондтарын 15 млрд. долларға сатып алуы жөнінде келіскен болатын.

Алғашқы 3 млрд. доллар көлеміндегі қаржы Украинаға сол кезде бөлінген еді, алайда қаңтардың соңында Путин аталған міндеттердің күші жойылмайтынын, бірақ олар Киевте жаңа үкімет құрылғаннан кейін ғана орындалатынын мәлімдеді.

Ал Украинада екі айдан астам уақыттан бері еуроинтеграцияның жақтастары наразылық акцияларын тоқтатпай жатыр. Олар Януковичтің ЕО-мен қауымдастық жөніндегі келісімге қол қоюды тоқтата тұрғандығына қарсылық білдіруде.