Сочиде ресейліктер асық ату ұлттық ойынын ойнады
Көрмені ұйымдастыруға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдау көрсетті. Қожа Ахмет Ясауидің мұралары мен Түркістан өңірінде орналасқан киелі жерлерді насихаттауға арналған көрменің лентасын Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің Краснодар өлкесіндегі Құрметті Консулы Виталий Мохначев қиды. Ол әлемдік жетекші туристік орталықтар назарына ұсынылатын жәдігерлердің маңыздылығына тоқталды. Көрмеде туристер үшін кесененің әр жылдардағы бейнелері мен Түркістанның көріністері ұсынылып, тайқазан мен шырағдан суреттері, Қожа Ахмет Ясауи мен тайқазанның макеттері таныстырылды.
Сондай-ақ Ясауи кесенесі мен Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Гаухар ана, Укаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы сынды тарихи орындардың 3D тур нұсқасы көзілдірік арқылы көрсетілді.
Сонымен қатар, қорық-музейдің тарихи орындары мен музей хақында үш тілде жарық көрген буклет кітапшалары мен жәдігерлердің каталог кітаптары да көрме экспозициясынан орын алды.
Бұдан бөлек халықаралық көрмеде отандық туристік орталықтардың ұйымдастыруымен «Қазақстанға саяхат жаса» жарнамалық мәдени бағдарламалары ұсынылды. Еліміздің көрікті жерлерімен бірге қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы және төл өнері таныстырылды.
Көрмеге қатысушылар Қазақстаннан барған делегаттардың «Қара жорға» биіне тәнті болды. Ресейліктер тіпті асық ату ұлттық ойынын ойнап, қазақтың ұлттық тағамы құртты жасап көрді.