Сочидегі олимпиада қалашығы аумағында қазақстандық баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Сочидегі олимпиада қалашығы аумағында қазақстандық баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, аталған орталықта Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін және спортшыларымызды ұлықтау шаралары ұйымдастырылатын болады.
Сондай-ақ, Т. Есентаев өз сөзінде Халықаралық олимпиадалық комитетке Алматы қаласында 2022 жылы 24-ші қысқы олимпиада ойындарын өткізуге өтінім берілгендігін атап өтті.
«Бұл мақсаттарда Сочи қаласында өтетін олимпиада аясында жоғарыда аталған олимпиада ойындарын өткізуге үміткер ел ретінде Қазақстанды алға жылжыту бойынша иммидждік іс-шаралар өткізу жоспарлануда»,-деді Т. Есентаев.