«Сочиге қандай киiммен барамыз?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 мамыр, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, «Air Astana» әуе компаниясына тиесілі Boeing 757-200 ұшағы жексенбі күні Шымкенттің әуежайына шұғыл түрде қонуға мәжбүр болды. Лайнер Ташкенттен Алматы қаласына бет алған-ды. Ұшақтың жедел түрде жерге қонуына борттағы техникалық ақаулар себеп болған. Ұшу кезінде ауаны кондициялау жүйесі істен шығыпты.
Әуе кемесінің бортында 136 жолаушы болған. Жапа шеккендер жоқ. Кейінірек жолаушылар Airbus A321 әуе лайнерімен Алматы қаласына жеткізілді. Ал апатты ұшақ жөндеу базасына жөнелтілді. Айта кету керек, бұл әуе компаниясы 30 халықаралық, 20 елішілік бағыттар бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. - Шымкент әуежайында ұшақтағы жолаушыларға медициналық көмек көрсетілді. Жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, оларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылды. Көп кешікпей олар осы «Air Astana» әуе компаниясының басқа ұшағымен Алматыға бағыт алды, - дейді бұл жөнінде «Air Astana» компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Сергей Хецуриани.
Осы басылымда «Құлдықта өткен күндер» деген тақырыппен материал берілген. Бөрлі ауданындағы Аңқаты разъезінде 51 жастағы әйел Гүлсім Хамитова мен оның 26 жастағы қызы жарты жыл уақыт бойы құлдықтың күйін кешкен. Олар бұған дейін осы аудандағы Богдановка ауылында тұрған. Тұрмысы төмен жандарға бір күні Нұрсұлу есімді әйел жолығып, әжептәуір табыс, қаражат табуға мүмкіндіктері бар екенін айтады. Іздегенге сұраған дегендей, олар жеке меншік иелері орналасқан разъезден бір-ақ шығады. Мұнда анасы мен қызы мал бағумен және басқа да қара жұмыстарды атқарумен айналысады. Әрине, бастапқыда бәрі де ойларынан шыққандай болады. Ал арада бір ай өткеннен кейін Дарғожиев есімді фермер олардың еңбектерін төлеп, үйлеріне қайтарудың орнына, екеуін құлдарша жұмсап, жоқ нәрседен ілік іздеп, ұрып-соғуды әдетке айналдыра бастайды. Әрі- беріден кейін фермер мен оның отбасы мүшелері қол жұмсағанды да місе тұтпай екеуін күрекпен соға бастайды. Тіпті, айыр ала жүгіріп шаншып жіберуден тайынбайды.
Табыс табамыз деп келгендер бастарының аманында бұл жерден қашып кетуді ойластырып жүргенде фермердің ауласына полицейлер келе қалады. Сөйтіп, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті, тергеу басқармасының бастығы Мағауия Құрмашев. Оның соңы немен тынды деген сауалға келсек, істің насырға шабатынын тез ұға қойған Дарғожиев құлдықта ұсталып келгендерге өтемақыларын артығымен төлеп құтылады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі келесі жылы Сочиде өтетін XXII қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне және жарыстарға Қазақстан ұлттық құрамасы киіп шығатын киім үлгілеріне байқау жариялады. Байқауда отандық, шетелдік кәсіби дизайнерлермен қатар, саусағына ине іліктіре алатын еліміздің кез келген азаматының бақ сынауына болады. Оларға киімнің түрін, түсін, матасын жүрек қалаулары бойынша таңдау құқығы берілген. Ұлттық құрамаға арналған киімде міндетті түрде мемлекетіміздің байрағы, елтаңбасы және ағылшын тілінде «national team Kazakhstan» деген жазу болуы тиіс. Дизайнерлер өз туындыларына қиялдары жеткенше түрлі орнаменттер мен атрибуттар қоса алады. Алайда олар әрбір детальға тиісінше түсінік бере білуі керек. Байқауға ұсынылған киім үлгілері альбом түрінде қабылданады. Альбомдағы сызбаларды компьютерлік графикамен немесе қолмен салуға болады. Мамыр айының 27 жұлдызына дейін Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің №16-11 кеңсесіне ұсынылған эскиіздер ғана іріктеу сынына қатыстырылады. Байқау жеңімпазының есімі 30 мамырда белгілі болмақ. Бұған дейін арнайы құрылған комиссия мүшелері ең үздік 3 жобаны таңдап алып, агенттіктің сайты арқылы барша қазақстандықтардың талқысына салады. Бұл мақала «Сочиге қандай киiммен барамыз?» деген тақырыппен беріліп отыр.
«Ақмола облысының тұрғыны «Кеңес» орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің аумағынан қарағайдың 36 көшетін шапқаны үшін ұсталды. Оқиғаны баяндар болсақ, Ақмола облыстық ішкі істер департаментіне телефон арқылы мемлекеттік «Кеңес» орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінен хабар келіп түседі. Онда беймәлім азаматтың «Газель» көлігімен қарағай көшетін топырағымен алып кетіп бара жатқаны айтылады»,-деп жазады «Айқын» «Шырша ұрлап, шырылдап қалды» атты материалда. Жедел қабылданған шара барысында аталған автокөлік Астана-Петропавл тас жолының бойынан ұсталған. Автокөлікті тексергенде 36 дана қарағай көшеті табылды. Ал шығын 600 мың теңге деп бағаланып отыр.
***
«Экспресс-К» басылымының жазуынша, түнгі Астана қауіпсіз емес. Бұған 28 жастағы жергілікті тұрғынның көзі жеткен екен. Атап айтқанда, төрт қыз соқталдай жігітті жабылып ұрған және пышақ та салып жіберген.
Кешкілік мезгілде автобус аялдамасында тұрған жігітке төрт қыз жақындап келіп, дөрекі түрде темекі сұраған көрінеді. Бұдан соң жәбірленуші жігіт пен қыздардың арасында жанжал бұрқ ете қалып, бұл төбелеске ұласып кетеді. Алайда, жігіт нәзік жандыларға қол жұмсап, бар күшін көрсетпей, тек қана оларды қорқытып әрекет етеді. Бұған қарамастан ашуға булыққан қыздың бірі жігітке пышақ салып алады. Осыдан кейін олар қашып кетеді. Полиция қызметкерлері осы дабыл бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізіп, бұл бұзақылыққа қатыстары бар күдіктілерді ұстады. Олар Ақмола облысында 1993 жылы туған егіз қыздар, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында 1992 және 1993 жылдары туған бойжеткендер болып шықты.