«Социалистік Қазақстан» 1945 ж. 11 сәуір: «Көзге түскен бөлімшелер мен құрамаларға «Кенигсберг» атауын беру тапсырылды»

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай эксклюзивті материалдарды жариялауды жалғастырады. Бүгінгі материал осыдан тура 70 жыл бұрын 1945 жылдың 11 сәуірінде шыққан «Социалистік Қазақстан» газетіне арналады.

«Социалистік Қазақстан» 1945 ж. 11 сәуір: «Көзге түскен бөлімшелер мен құрамаларға «Кенигсберг» атауын беру тапсырылды»

«Қазақ ССР-ының 25 жылдығы атындағы социалистік жарысты кең өрістете отырып, көктемгі егіске барлық жағынан толық әзірлікпен кірісейік. Оны қысқа мерзімде, жоғары агротехникалық дәрежеде, үлгілі өткізейік». «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 11 сәуірдегі саны осындай ұранмен шықты.

Газеттің бас мақалаларының бірі - «Егін әрі тез, әрі сапалы егілсін!» деп аталады.

Бұл сөздер сол жылы көктемде бүкілодақтық ұранға айналған. Онда: «Орта Азия мен Закавказьенын, Кубань мен Донның. Украинаның, Волга жағалауының және еліміздің басқа көптеген өңірлерінің егіс даласында тракторлардың моторлары дүрілдей бастады. Совет егіншілері туған жерге мол өнім беру үшін қосқа шықты» - деген жолдар бар. Онда алдыңғы қатарлы және артта қалып қойған өңірлер де айтылады. Мақала жұртшылықты жеңіс жылы жақсы жұмыс істеуге шақырады.

Сонымен қатар, Жоғарғы Бас қолбасшы Йосиф Сталиннің З-Белорус майданы әскерлерінің қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Василевскийге және Майдан штабының бастығы, генерал-полковник Покровскийге берген бұйрығы жазылған.

«3-ші Белорус майданының әскерлері көшелердегі қатты ұрыстардан кейін, немістердің Кенигсбергтегі әскер тобын талқандауды аяқтап, бүгін, 9 әпрелде, Шығыс Пруссияның қамалы және бас қаласы, немістердің Балтық теңізі бойындағы бекіністі торабы - Кенигсбергті шабуылмен алды. Бір күнгі ұрыстарда сағат 20-ға дейін, майданның әскерлері немістердің 27000-нан аса солдаты мен офицерін, сол сияқты, жаудан көп қару-жарақ және әр түрлі соғыс мүлкін түсірді. Кенигсберг гарнизонының қалдықтары, қамал коменданты, жаяу эскер генералы ЛЯШ-пен және оның штабымея бірге бүгін, 21 сағат 30 минутта, қарсыласуды тоқтатып,қаруларын тапсырды» - деп басталады.

Бұдан әрі көзге түскен қолбасшылардың аты-жөндері айтылып, оларды марапаттау, ал көзге түскен бөлімшелер мен құрамаларға «Кенигсберг» атауын беру тапсырылып, 9 сәуірде 24 сағатта Мәскеуде 3 Белорус майдан әскерлерінің құрметіне салют берілгендігі және отан атынан алғыс білдірілгені айтылған.

Бұған қоса, газетте 9 сәуір күні 86 жасына қараған шағында қайтыс болған халық ақыны Нұрпейіс Байғанинге байланысты некролог жарияланған.

«Хат тануға жағдайы мүмкіндік бермеген Нұрпейіс іргелі ақындардың аузынан естіген «Қобланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс» сияқты қазақ халқының өткендегі батырлығын бейнелейтін дастан-жырларды көркемдей, молайта жырлады. Нұрпейіс өзінен бұрынғы жырлармен ғана қанағаттанбай, елден естіген, көрген окиғалардан «Ақ-Кенже», «Нарғыз», «Қырымның қырық батыры» сияқты көлемі зор, көркемдігі тамаша поэмалар шығарды. Бұл поэмаларда ол революциядан бұрынғы ауылдағы байлар мен феодалдардың еңбекші халықты қанауын, әйел намысын таптағанын өткір тілмен сөкті, бас бостандығын көкседі» - деген сөздер бар.

***

Газеттің көшірмелері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» РММ-нен алынды. Орталық директоры Алқия Рахымбаеваға алғыс білдіреміз.