Содырлар қатаң қылмыстық жауапқа тартылады деп уәде беремін – Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуі кезінде содырлар мен лаңкестерді іздеу және оларды ұстау үшін арнайы ведомствоаралық топ құрылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Содырлар қатаң қылмыстық жауапқа тартылады деп уәде беремін – Президент

«Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін.

Барша қазақстандықтан өтінерім, сақтық танытып, барынша қырағы болыңыздар. Күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқасаңыз, құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлаңыздар.

Құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп.

Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі тәртіпсіздік кезінде жалған ақпарат тарату жағдайды ушықтыра түсті.

«Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады.

Барлық облыста әскери, әкімшілік және әлеуметтік нысандарға ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасау әрекеті олардың нақты жоспарының болғанын көрсетті.

Содырлардан бөлек, идеологиялық диверсия жасауға әбден жаттыққан, жалған ақпараттар мен «фейктер» таратуды шебер меңгерген және адамдардың көңіл-күйіне ықпал ете алатын мамандар жұмыс істеген.

Оларды дайындаумен және басқарумен біртұтас командалық пункт айналысқанға ұқсайды. Бұл мәселемен ҰҚК мен Бас прокуратура айналысып жатыр», - дейді ол.