Содырлар Шешенстан парламентіне шабуыл жасады: қаза болғандар бар

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Шешен Республикасының парламентіне бүгін таңертең шабуыл жасалды. Ғимаратқа басып кірген төрт содыр бірнеше жарылыс жасады, деп хабарлайды РБК агенттігі Шешенстанның Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Содырлар Шешенстан парламентіне шабуыл жасады: қаза болғандар бар

Соңғы мәліметтер бойынша, содырлар үкіметтік ғимаратқа басып кірмек болған. Екі жанкешті өздерін жарып жіберіп, оқиға салдарынан парламенттің төрт қызметкері қаза тапқан. Содан кейін жанкештілердің сыбайластары оқ атқан. Парламентте қаза болғандарға қоса, құқық қорғау органдарының төрт қызметкері жараланған. Шабуыл кезінде ғимаратта парламент спикері Дукуваха Абдурахманов болған, бірақ ол дер кезінде оқиға орнынан әкетілген.

Парламент ғимаратына милиция және армия бөлімдері тартылып отыр. Шешенстан Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, арнайы операцияның барысында барлық лаңкестің көзі жойылған. Тәртіп сақшылары сондай-ақ бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары таратқан адамдардың кепілдікке алынғаны туралы мәліметті теріске шығарып отыр.

Арнайы операцияға республика басшысы Рамзан Қадыров жетекшілік етуде. Оқиға орнына РФ Ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев та келді.