Содырлардың түпкі ойы талқандау болды - Президент
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы соңғы оқиғалар бірыңғай талқандау түпкі ойына бағындырылған. Бұл туралы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысы еліміздегі жағдайдың толық көрінісі айқындалғанын айта келе, биылдың басынан бергі барлық оқиға бір тізбектің буындарын құрайтынын жеткізді.
«Олар бірыңғай талқандау түпкі ойына бағындырылған. Осыған дайындық ұзақ уақыт бойы жүргізілген. Енді осы дайындық қаншалықты ұзақ жүргізілді? Яғни бір жыл, екі немесе үш жыл ма? Оның барлығын тергеу амалдары көрсетеді», - деді Президент.
Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп жатыр. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.
Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.