София Самоделкина Қазақстан атынан өнер көрсете ме – министр жауабы
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ресейлік мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкинаның Қазақстан азаматтығын қабылдау механизмін түсіндірді. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та бұл жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жақында спортшы Самоделкина Қазақстан азаматтығын жалпы тәртіппен қабылдады, өйткені оның анасы – Қазақстан азаматы», - деді Марат Ахметжанов Үкімет кулуарында.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов С. Самоделкинаның еліміздің атынан халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
«Ол азаматтық алды, бірақ қазір ол ұлттық құрамада жоқ. Дегенмен ҚР азаматы ретінде, әрине, оның жарыстарға қатысуға, жаттығуды бастауға құқығы бар. Іріктеудің де (ұлттық құрамаға - ред.) өзіндік рәсімі бар, бірақ қазір мұндай мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ», - деп атап өтті министр.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық конькимен жүгірушілер одағы хабарлағандай, танымал мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина азаматтығын ауыстырып, Қазақстан атынан жарыстарға шыққысы келеді.