Софияда ҚР Конституциясының 15 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабының тұсаукесері өтті
АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат. Тамыздың 30-да Софияда Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған Қазақстанның Болгариядағы Дипломатиялық миссиясының ресми қабылдауы өтті,
деп хабарлайды Елшіліктің баспасөз қызметі.
Қабылдауға Болгарияның экономика, энергетика және туризм министрі Трайчо Трайков, Болгарияның сыртқы істер министрінің орынбасары Милен Люцканов, Болгарияның бұрынғы президенті - Австрияның Вена қаласындағы ғаламдық сұхбат пен ынтымақтастық орталығының төрағасы Петр Стоянов, СІМ бұрынғы басшылары Соломон Пасси - Болгарияның Атлантикалық клубының құрметті президенті және Румяна Желева - Еуропалық халықтық партиясы төрағасының орынбасары, сонымен қатар Болгариядағы шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары мен қызметкерлері, министрліктер мен мекемелердің, ғылыми, мәдени және іскер топтардың, Болгарияның жетекші БАҚ және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Салтанатты шара екі елдің әнұрандарымен ашылды. Қазақстанның Болгариядағы Сенімді өкілі Теміртай Ізбастин құттықтау сөз сөйледі. Онда Қазақстанның адам мен оның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын өзінің ең қымбат қазынасы деп танитын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде толыққанды орныққандығы туралы айтылды.
«Қоғамдық татулық, саяси тұрақтылық пен қарқынды экономикалық даму - бұл Конституцияның мүмкіндіктері мен Қазақстанның Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп келе жатқан жауапты мемлекеттік саясаттың нәтижесі», делінді шара кезіндегі әңгіме барысында.
Салтанатты қабылдау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» атты болгар тіліне аударылған кітаптың тұсаукесері өтті.
Қазақстан Президентінің ғылыми еңбегі экономикалық дағдарыс пен байқала бастаған жаңа экономикалық және саяси дамудың өзара ықпалдастығының негізінде жүретін әлемдік тәртіппен байланысты жаһандық қауіп-қатерлерге жауап ретінде таныстырылды.
Болгар тарапынан сөз сөйлеген Болгарияның экс-президенті Петр Стоянов Болгария Қазақстанның ұлттық және халықаралық деңгейлердегі жетістіктеріне куә екенін айтып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өркениеттер ынтымақтастығының ғаламдық сұхбатына зор үлесін жоғары бағалайтынын білдірді. Ол Президент Назарбаев кітабының өзектілігі қаржылық реттеудің жаңа тетіктерін енгізу қажеттілігі мәселесі бойынша теоретикалық және практикалық ұсыныстардың жасалуында және ғаламдық энерго-экологиялық стратегияны дайындау бойынша бастамасында деп санайды.
Іс-шараның аяғында Президент Н.Назарбаевтың аталмыш кітабы қонақтар арасында таратылды.