Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қанша зейнетақы алады
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Олжас Анафин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қанша зейнетақы алатынын айтты.

- 2025 жылғы 1 мамырға екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері алатын әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 271 мың теңге, осы соғыс кезінде тыл еңбегіне араласқандар алатын төлемнің жиынтық мөлшері 179 мың теңге болды, - деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол биыл жергілікті әкімдіктер екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 5 млн теңге көмек бергенін еске салды.
Олжас Анафиннің сөзінше, жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы азаматтарға да қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда:
- Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 60 мыңнан 200 мың теңгеге дейін (64 адам):
- Бұрынғы кәмелетке толмаған концлагерь тұтқындарына – 98 мыңнан 200 мың теңгеге дейін;
- Соғыста қайтыс болған мүгедектердің жұбайларына – 50 мыңнан 150 мың теңгеге дейін;
- Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – 50 мың теңге;
- Тыл еңбеккерлеріне – 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін көмек көрсетіліп жатыр.
Ресми дерек бойынша, елімізде елімізде екінші дүниежүзілік соғыстың 105 ардагері қалған.