Соғыс жылдарында Қазақстанға эвакуацияланғандар туралы фильм прокатқа шығады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Эвакуация» антисоғыстық драмасының жабық көрсетілімі өтті.

Соғыс жылдарында Қазақстанға эвакуацияланғандар туралы фильм прокатқа шығады
Фото: Еламан Тұрысбеков

Фильм ақ-қара түсте, 4:3 форматында, соғыс жылдарындағы кинохроника стилінде түсірілген. Оның әлемдік премьерасы 47-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында өтіп, қазылар алқасының арнайы жүлдесі — «Күміс Георгиймен» марапатталды.

«Эвакуация» – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға эвакуацияланған бейбіт тұрғындардың тағдыры туралы антисоғыстық драма.

Фильмнің басты кейіпкерлері — Наталья мен оның қызы Галя. Олар аман қалу үшін басқа эвакуацияланғандармен бірге шығысқа қарай жол тартады. Алайда теміржол бекеттерінің бірінде Наталья қызынан көз жазып қалады. Оны табу үшін Алматыға аттанады.

Бұл — соғыстың сұмдығымен бетпе-бет келген қарапайым адамдардың, қандай жағдай болмасын махаббат пен үмітке сенімін жоғалтпаған жандардың оқиғасы.

Соғыс жылдарында Қазақстанға эвакуацияланғандар туралы фильм прокатқа шығады
Фото: Еламан Тұрысбеков

Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы Фархат Шәріповтің айтуынша, жобаға дайындық 2019 жылы басталған. Алайда кейін пандемияға байланысты түсірілім тоқтап, ұйымдастыру жұмыстары қиындыққа ұшыраған. Тек бірнеше жылдан кейін ғана фильм толық аяқталған.

— Алғашында бұл телехикая ретінде жоспарланған еді. Біз оны түсіріп, тапсырып қойғанбыз. Бірақ жиналған материал өте көп болды. Сөйтіп, толықметражды фильм жасау туралы шешім қабылдадық. Жұмыс енді басталғанда пандемия басталып кетті. Одан кейін де түрлі қиындықтар туындады. Ақыры, бірнеше жыл өткен соң картинаны аяқтадық. Кең ауқымды премьераны 19 маусымға жоспарлап отырмыз. Бұл күн бекер таңдалған жоқ — дәл осы күндері, 1941 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыс басталған еді, — деді Фархат Шәріпов.

Соғыс жылдарында Қазақстанға эвакуацияланғандар туралы фильм прокатқа шығады
Фото: Еламан Тұрысбеков

Оның айтуынша, «Эвакуация» — жай ғана соғыс туралы емес, ең ауыр заманда да адамдық пен мейірімділікті сақтап қалған жандар жайлы хикая.

Фильм Алматыда түсірілген. Режиссердің айтуынша, соғыс жылдарындағы атмосфераны барынша дәл жеткізу үшін көптеген қосымша түсірілім жасалып, орындар, костюмдер, реквизиттер мен тарихи ғимараттар мұқият таңдалған.

Ескі Алматы депосы эвакуация кезеңіндегі теміржол вокзалы ретінде қайта жасақталып, кейбір бөліктері жаңадан салынған. Сондай-ақ көріністердің бір бөлігі бұрынғы теміржол ауруханасының қараусыз қалған ғимаратында және Алматы ауыр машина жасау зауытында (АЗТМ) түсірілген.

Соғыс жылдарында Қазақстанға эвакуацияланғандар туралы фильм прокатқа шығады
Фото: Еламан Тұрысбеков

Сценарийге ерекше көңіл бөлінген. Оған көптеген маман, оның ішінде кеңесшілер де қатысқан. Негізгі дереккөз ретінде соғыс жылдарында қарапайым адамдар — сарбаздар, тыл еңбеккерлері, эвакуацияланған отбасылар — жазған хаттар, күнделіктер мен жазбалар пайдаланылған.

Басты рөлдерді Наталья Витмер, Евдокия Скирта, Дулыға Ақмолда, Алтынай Нөгербек және Айжұлдыз Багланова сомдаған.

Кастинг ашық форматта өтіп, ұйымдастырушылар екі мыңнан астам өтінім қабылдаған.
Фархат Шәріповтің айтуынша, мықты актерлік құрам жиналған.

Соғыс жылдарында Қазақстанға эвакуацияланғандар туралы фильм прокатқа шығады
Фото: Еламан Тұрысбеков

— Түсірілімге Лермонтов және Әуезов атындағы театрлардың актерлері қатысты. Басты рөлді сомдаған Евдокия Скирта үшін бұл — үлкен экрандағы дебют. Ал Наталья Витмер бізге Германиядан келді — бұл ерекше жағдай. Ол рөлді бірден сезініп, бекітілді, — деді режиссер.

Негізгі шығармашылық топпен қатар, жаппай көріністерге де көп адам қатысқан. Ең ауқымды сахнада 400-ден астам адам бір мезгілде түсірілген.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз хатшысы Гүлнар Дарибаеваның айтуынша, студия фильмнің жасалуына үлкен қолдау көрсеткен. Декорациялар, костюмдер, қажетті техника, грим және өзге де мамандармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «Қазақфильм» жас режиссерлер мен жаңа киножобаларды белсенді түрде қолдап келеді.

Осыған дейін биыл 10 жаңа фильм прокатқа шығатыны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар