Соғыс ардагері: Бір атаның баласындай, бейбітшілікте ғұмыр кешіңдер

Ысқақ Әлпейісұлы майданға өз еркімен 1942 жылы аттанып, Отан алдындағы борышын Амур әскери-теңіз флотында өтеген. «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағын алған. Ардагердің соғыстағы да, бейбіт өмірдегі де марапаттары біршама. ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендері, «Еңбек Ері» медалі және басқа да марапаттары бар.
«Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атанған, өйткені ардагер өмірінің көп бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнап, 1952 жылдан бері білім беру саласында жемісті еңбек еткен.
«Ең бастысы, бір атаның баласындай болып, бейбітшілікте ғұмыр кешіңдер. Бір-біріңді сыйлаңдар. Бірлік болса, бәрі болады», - деп қарт майдангер батасын берді.
Еске салсақ, Жетісу облысында тұратын Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлерінің жалып саны – 2309, соның сегізі – майдангер. Олардың бәріне Жеңіс күніне орай жалпы сомасы 156,7 млн теңге болатын материалдық көмек берілді.
Жеңіс күніне орай «Талдықорған» ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылуда. Аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс сияқты жарыстарға 100-ден астам қатысушы ниет білдірген. Бәйгелердің жалпы жүлде қоры – 18 млн. теңге.