Соғыс кезінде жоғалған адамдарды іздеу: Қазақстанда 2 жылда 5 мыңнан астам өтініш түскен
«Бүгін бізде ерекше іс-шара өтіп жатыр. Дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу жұмыстарын ұйымдастыруда Ресеймен бірлесу үшін алғаш рет жиналып отырмыз. Біздің бірлестік ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде елімізден майданға аттанып қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды жүйелі негізде іздеумен айналысады. Құрылғанымызға 2 жыл ғана болды, үкіметтік емес ұйымбыз. Мақсат- отан қорғау жолында мерт болған немесе жоғалған жерлестерімізді іздеп, табу және оларға тағзым етіп, құрмет көрсету», - деді Мұрат Молдағалиев.
Оның айтуынша, күніне 30-ға жуық жоғалған адамға қатысты деректер анықталып, олардың жақындарымен байланыс орнатылады.
«Біздің қызметкерлер ерікті әрі тегін түрде жұмыс істейді. Бірлестік құрылғалы 2 жылдың ішінде бізге жақынын іздеген 5 мыңнан астам адамнан өтініш келіп түсті. Соның негізінде 1 мыңнан астам із-түссіз кенкен жандардың аты-жөнін анықтап, олардың кейінгі ұрпақтарын тауып, сүйіншімізді жеткізген жайымыз бар», - дейді ол.
Аталған қоғамдық бірлестік ұсынған статистикаға сүйенсек, елімізден майданға 1,5 миллионға жуық адам шақырылып, оның 600 мыңнан астамы соғыста қаза тапқан. Одан бөлек, 271 мың отандасымыз хабар-ошарсыз кетіп отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміз Ресеймен бірлесіп соғыс кезінде іс-түссіз жоғалып кеткен майданға аттанған адамдарды іздеп, табу жұмысын қолға алып жатыр.