Соғысқа бастан-аяқ қатысқан ардагер кейуана 100 жасқа толды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзі соғысының ардагері Нина Афанасьевна Крылова бүгін жүз жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғасыр жасаған кейуананы құттықтауға қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері, Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімдігінің, десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімінің өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері де келді.
– Нина Афанасьевна – балауса шағы мен жастығы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген ұрпақтың өкілі. Талай ауыртпашылық мен сынақтан өтіп, аман қалып, жеңіске жеткен адамдардың рухының мықтылығына таң қаласың, - дейді Түрксіб ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы полковник Самат Тоғанбаев.

Нина Крылова Мәскеу облысының Язвицы ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектеп пен индустриалды техникумды бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс істегісі келді.
Алайда сұрапыл соғыс оның жоспарын түбегейлі өзгертті. Көптеген құрдастары секілді жас қыз ел қорғаушыларының қатарына қосылды.
Батыс майданға аттанған қыз 329 зениттік артиллерия және 8 зениттік-прожекторлық полк құрамындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде болды.

Крылованың алған мамандығы да сирек кездесетін еді. Жау ұшақтарының дыбысын алдын ала анықтау жұмысына есту қабілеті өте жоғары адамдар тартылды.
Әртүрлі көлемдегі құбырлар жүйесінің көмегімен тыңдаушы мамандығын меңгергендер жау ұшағының дыбысын қағып алуға тырысып, кеңістікті тыңдады.
Дыбысты анықтаған соң объект жерден жарықтың көмегімен белгі беріп, оған оқ жаудыратын.
Бір қызығы, тыңдағыш мамандар, тіпті ұшақтың түрі мен ұшу биіктігін де ажырата алған деседі.
Соғыстан кейін Нина Крылова Мәскеу педучилищесінде тәрбиеші мамандығын оқыды. 1946 жылы күйеуге шықты.
Жұбайы қазақстандық болған соң олар өз Отанына келді. Отбасында екі бала дүниеге келді.
Жиырма жылдан астам уақытын ол мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуге арнады.
1977 жылы балабақша меңгерушісі қызметінен құрметті демалысқа шықты.
Қазіргі уақытта Нина Афанасьевна немересінің қолында тұрады.
Бүгінгі ұрпақ үшін ардагермен кездесу өте маңызды, өйткені Нина Крылова соғыстың куәгері ғана емес, жыл сайын қатар сиреп бара жатқан Ұлы Отан соғысының көзі тірі ардагері.
Қонақтар мерейтой иесін құттықтап, оның жауынгерлік жолына және жаумен күресуге көмектескен сирек кездесетін мамандығына қызығушылық танытты.
Сондай-ақ жаңа ғасырға қадам басқан адамның жан дүниесінің мықтылығына таң қалды.