Соғыста із-түзсіз кетіп, Словенияда жерленген қазақ солдатының туыстары табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыста Словенияда қаза болған қазақ солдатының туыстары табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соғыста із-түзсіз кетіп, Словенияда жерленген қазақ солдатының туыстары табылды

«Өздеріңіз білетіндей, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың басшылығындағы делегация бірнеше апта бұрын Словенияға барып, Кассе Себеро есімді беймәлім қазақстандық жауынгердің бейітіне гүл шоқтарын қойған болатын. Бүгін таңертең ол жауынгердің туыстары бізбен байланысқа шықты. Құрметті тілшілер, сіздердің арқаларыңызда біз ол жауынгердің туыстарын тауып алдық», - деді бүгінгі брифинг барысында ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, жауынгердің есімі - Қасым Жақыпов. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. 1943 жылы ақпанда із-түзсіз кеткен.

«Ол бұрынғы Югославия - бүгінгі Словения аумағында партизандық отрядтарда соғысқан. 20 қазан күні өкілдік делегация Словенияға барып, жауынгердің рухына құрмет көрсетіп, бейітке Қазақстан жерінің топырағын себеді. Ең қызығы, жауынгердің немерелерінің бірін атасының құрметіне Қасым деп атаған екен. Менің ойымша, олар жақын арада Астанаға келеді. Туыстары бізге аталарымен жазысқан хаттарының кішкентай көшірмесін жіберді. Сарбаз музыкалық аспаптарда, атап айтқанда қобызда ойнаған. Бір қызығы, атадан қалған қобыз туыстарында әлі күнге сақтаулы тұр», - дейді Айбек Смадияров.