«Соғыстың соңғы оғы» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Мамырдың 11-і. /ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 11-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Соғыс мұраты - жеңу. Осы тұрғыдан алғанда соғысқа қатысқан жақтар мейлі ол соғысты бастаушы немесе қорғанушы жақ болсын бәрібір бір-ақ ұстанымда болады екен, ол - қайткенде де жеңу. Демек, кез-келген соғыс философиясының тірелетін жері - Жеңіс!». Осылай ой тербеген «Дала мен Қала» газетінің дүйсенбілік санында жарық көрген «Жеңіс философиясы» атты мақала екінші дүниежүзілік соғыстағы тарихи жағдайға талдау жасай отырып, Жеңіс туралы ой тербейді.
Сонымен қатар осы басылымда жарық көрген Тілеу Көлбаевтың «Соғыс тағылымы» атты мақаласы және Гүлзира Оразымбетованың «Соғыстың соңғы оғы» мақаласы Ұлы жеңістің 65 жылдығына арналыпты. Бұл шығармаларда соғыс жылдарындағы наубет жағдайлар суреттеліп, ардагер аталарымыздың көрсеткен ерліктері айтылады.
Соғыс жылдарының шежіресіне назар аударсақ, қазақ қыздарының ерлігі қайран қалдырады. Оларды майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың әр түкпірінен кездестіруге болады. «Дала мен Қала» газетінің кешегі санында жарық көрген келесі мақала «Түн перісі» деген тақырыппен қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова жайлы әңгіме қозғапты.
***
Адамзат тарихында неміс фашистері қарулы күштерінің кенеттен, тұтқиылдан Кеңес Одағының шекарасын баса-көктеп, қаннен-қаперсіз, бейбіт өмір кешіп жатқан жандарды қанға бояған күн - 1941 жылдың 22 маусымы мәңгі өшпес. «Ана тілі» апталығының осы жолғы санында «Соғыс осылай басталған» атты мақала жарық көріпті. Аты айтып тұрғандай мақала Ұлы Отан соғысының тарихи астарына терең үңіледі.
«Қазына-қарттар қайда жүр?» Осындай сауалға құрылған «Ана тілі» газетіндегі келесі мақала қоғамдағы келеңсіз жағдайды ортаға салыпты. «Жетімдер үйі. Түрме. Қарттар үйі. Бұдан біраз ғана бұрын бұл ұғымдар ұлттық санаға сыймайтын. Бірақ бүгінде аты үрейлі бұл үйлерден үрікпейміз де. Түрмесіне тентегі толса, жетімдер үйіне жетімегі жөнелтіліп, қарттар үйіне қариясы тоғытылып жатыр. Қайран қалу түк емес, қорқынышын айтсаңызшы. Жақында біз Алматы қаласындағы «Ардагерлер үйі» деп айдар таққан мекемеге бас сұқтық»,- деп жазады басылым.
Арқа төсіндегі, Кеңгір жағасындағы Жошы хан мазары бізге - бүгінгілерге өткенімізді көңіл терезесінен өткізудің, тарих беттерін парақтаудың қаншалықты қажеттігін қайта-қайта еске салып тұрғандай болады. «Ана тілі» басылымының осы жолғы санында «Домбауыл - даламыздың өз ұлы» деген мақала беріліпті. Мақалада әлемге билігі жүрген Шыңғыс ханның атының тұяғы тиген Арқа төсіндегі ел тарихына қатысты оқиғаларды еске ала отырып, Домбауыл туралы сөз қозғайды.
***
«Империялық дүниежүзілік соғысқа бірінші рет қатысқан ұлттың оғланы соғыс туралы жазылған көркем шығарманың басты кейіпкері. Көркемдік ізденісте аса сирек кездесетін бұл құбылысты әдебиеттанушы қауым қаншалықты зерделеді, оған көңіл қойып, талдауға, әлбетте, уақыт қажет. Бірақ осы жүйеде әдейі жасалған әділетсіздіктердің құрбандары - әзірге үш батырымыз бар. Бұл үш хас батырдың бірі - соғыс тәсіліне жаңалық енгізіп, екіншісі - партизандық жекпе-жек шайқастың, қиян-кескі әдісін терең меңгергендігімен, енді бірі - көзсіз жүрекжұтқандығымен ерекшеленеді», - деп жазды «Қазақ әдебиеті» апталығы «Үш батыр» атты мақаласында. Бұл үш батырымыз кімдер? Толығырақ газеттің бірінші бетінен оқи аласыздар.
Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, жауынгер-жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 85 жылдық мерейтойы жуырда ғана аталып өтті. «Қазақ әдебиеті» апталығында «Он екі беттік дәптерден басталған жазушылық сапар» тақырыбымен берілген келесі мақала сексен бестің сеңгірінен асқан ардақты жазушы ағамыздың шығармашылық өмірі туралы толғайды.
Аталған басылымның «Поэзия» айдарында Оразақын Асқардың «Берекелі бейбіт күндер» деген тақырыпқа топтасқан бір топ өлеңдері жарық көріпті. Сонымен бірге осы айдарда Қалижан Бекхожин және Нұтфолла Шакеновтың өлеңдері беріліпті.