Соққыға жығылған дәрігерге көмек ретінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ қызметкерлері 1 млн. 600 мың теңге аударды
Бұл туралы бүгін аталмыш институттың баспасөз қызметінен хабарлады.
«Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Наркескен Сейсенбаевтың досы Қуаныш Орманов қазақстандықтардан көмек сұрап, қаржылай қолдау көрсетулерін өтінген болатын. Наркескен қазір өзі жұмыс істейтін №7-ші қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Есін жиған күннің өзінде оған мүгедек болып қалу қаупі төніп тұр. Бұл оқиғаға бей-жай қарамаған Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері бір күндік жалақыларын, яғни Наркескеннің ем кезіндегі күтімі үшін арнайы шотқа 1 млн. 600 мың теңге аударды», - делінген хабарламада.
«Біз Наркескеннің достары, оған оңалу кезінде көмек болсын деп қазақстандықтардан көмек сұрадық. Оның жағдайы өте ауыр. Онкология институтының дәрігерлері жанайқайымызға жауап берді. Наркескен жедел-жәрдем қызметінде қосымша жұмыс істеп жүрген болатын. Өзі өте еңбекқор жігіт», - деді осыған орай Қуаныш Орманов.
Естеріңізге сала кетелік, 26 қарашада шақыртумен барған жедел-жәрдем дәрігерлерінен науқас әйелін қызғанған ер адам оларға қарсылық көрсеткен болатын. Оны тоқтатпақ болған Наркескен Сейсенбаевты таспен ұрған. Басынан ауыр соққы алған Наркескеннің миына қан құйылып, комаға түсті. Ал күдікті көп ұзамай ұсталды.
Айта кетелік, күдікті қазір Алматы қ. ІІД уақытша ұстау абақтысында отыр. Оның кепіл арқылы босату туралы өтініші қанағаттандырылмады.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.