16:16, 16 Қараша 2017 | GMT +6
Соқырішекке шалдыққан балықшыны санавиация Атырауға жеткізді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соқырішекке шалдыққан балықшыны санавиация дәрігерлері Атырауға жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.
«15 қараша күні 9:37-де Атырау облыстық ТЖД кезекші пультіне Жылыой ауданында Амангелді өнеркәсіп кооперативі балықшысының соқырішекке шалдыққаны туралы хабарлама түскен. Жылыой ауданы аймағындағы аралдан Атырауға 10-12 сағат қайықпен жүзіп жету мүмкін болмаған соң санитарлық авиация қызметі шұғыл шақыртылды», - деді Руслан Иманқұлов.
Оқиға орнына ҚР ІІМ ТЖК «Қазәуеқұтқару» АҚ батыс филиалының МИ-8 тікұшағы 11:40-та жетті. Экипажда жеке құрамның 3 қызметкері, бір фельдшер-дәрігер болған.
Мамандар 13:50-де науқас адамды аралдан тауып алды. 15:01-те балықшы Атырауға жеткізіліп, «Теміржол ауруханасына» жатқызылды.