Солдат шатқалы қазақстандық шаңғымен бағдарлаушылар үшін чемпиондар ұстаханасына айналды

АЛМАТЫ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы облысы Талғар ауданы Солдат шатқалындағы Шаңғы-биатлон стадионы кешені қазақстандық шаңғымен бағдарлаушылар үшін сәттілік мекеніне айналды. Жерлестеріміз Ақ Азиада аясында 2 күннің ішінде құрама қоржынына 4 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлде салды.

Солдат шатқалы қазақстандық шаңғымен бағдарлаушылар үшін чемпиондар ұстаханасына айналды

Бүгін аталмыш кешенде ұзақ қашықтықта ерлер мен әйелдер арасында тағы 2 медальдар топтамасы сарапқа салынбақ. Бұған дейін 31 қаңтар мен 2 ақпан күндері спринттік және орта қашықтағы жарыстарда 4 медальдар топтамасы бәйгеге тігілген еді. Бұл сайыстарда астаналық Михаил Сорокин мен Ольга Новикова қос-қостан алтын жүлде олжалады. Шығыс қазақстандық Евгения Кузмина 1 күміс, 1 қола медальдің иегері болды. Ал оның жерлестері Александр Бабенко мен Виталий Лиличенко Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Жалпы, 31 қаңтар мен 5 ақпан аралығында өтетін шаңғымен бағдарлау жарысы қысқы Азия ойындарының бағдарламасына биыл алғаш рет енгізіліп отыр. Онда 8 медальдар топтамасын 6 мемлекеттің спортшылары өзара додаға салуда. ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Исаченко бұл бәсекеге ерлер мен әйелдер арасында алты-алтыдан 12 шабандозды қосып отыр.