Солтүстік Америкада құс тұмауынан алғашқы адам өлімі тіркелді

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Солтүстік Америка аумағында Н5N1 құс тұмауынан көз жұмған алғашқы адам тіркелді, деп хабарлады Би-Би-Си.

Солтүстік Америкада құс тұмауынан алғашқы адам өлімі тіркелді

Биліктегілер қаза болған жан туралы ешқандай мәлімет бермей отыр, тіпті оның жынысы мен жасы да белгісіз.

Елдің денсаулық сақтау министрі Рон Эмброуздың сөзіне қарағанда, аталған жағдай Альберта провинциясында болған. Құс тұмауынан ажал құшқан адамның жақында Бейжіңнен келгені белгілі болды. Ауру Қытайдан Канадаға келе жатқан кезде, ұшақта 27 желтоқсан күні белгі бере бастаған. Ал 1 қаңтарда науқас ауруханаға жатқызылып, екі күннен соң қайтыс болды.

Р.Эмброуз дерттің таралу қаупі айтарлықтай төмен деп сендіріп отыр. Аталған жағдайға байланысты Канада тарапы Қытай билігімен байланысқа шықты.

Альбертада осы қыста 10 адам Н1N1шошқа тұмауының құрбаны болған деген дерек бар. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Н5N1 құс тұмауымен ауырғанда 60 пайызға жуық жағдайда оның арты өлімге апарып соғады.

Құс тұмауы Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде 2000-жылдардың бас кезінде кең тарады. Вирустың бұл түрі Қытай аумағында әлдеқайда көп тараған.