Солтүстік Қазақстан облысында 14 мың жаңа жұмыс орны ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавлда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Солтүстік Қазақстан облысын дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлауынша, Асқар Мамин Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Солтүстік Қазақстан облысын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындаудың маңыздылығына тоқталды.  Соған орай, облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселесін жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдау үшін, мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспары түзілген. Жоспар жобасы инфрақұрылымдық 12 бағытты қамтиды. Оның ішінде әлеуметтік нысандар құрылысы, көлік және инженерлік коммуникацияларды дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің өңдеу қуатын көтеру, қорғаныс кешені кәсіпорындарын жаңғырту көзделеді.

Жалпы алғанда 64 шараны жүзеге асыру қарастырылған. Ол арқылы шамамен 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары 300 млрд. теңгеден астам инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қамтиды.

Жұмыс тобының отырысы барысында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұлов, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары  баяндады.

«Солтүстік Қазақстан облысын 2018-2021 жылдарға арналған Кешенді дамыту жоспарын жасау - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасы. Аталмыш құжатты жүзеге асыру СҚО әлеуметтік-экономикалық дамытуға зор серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын көтереді», - деп атап өтті А. Мамин.

Жұмыс тобының отырысын қорытындылай келіп, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары ұлттық экономика министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бірлесе отырып, талқылау нәтижесі бойынша айтылған пікірлерді ескеріп, 2018-2021 жылдарға арналған Кешенді жоспардың жобасын әрі қарай толықтырып, белгіленген тәртіппен Үкімет отырысына шығаруды тапсырды.

Петропавл қаласында А. Мамин облыс орталығындағы халықаралық әуежай мен ұшу алаңын жаңғырту жұмыстарымен, Оқушылар сарайы және «Петропавл - Челябинскіге шығу» М-51 автокөлік жолын жаңғырту жұмысы барысымен танысты.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Қазтехмаш» ЖШС кәсіпорнында неміс концерні «CLAAS» негізінде жақында ашылуы жоспарланып отырған ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауытында болды. 

Соңғы жаңалықтар