Солтүстік Қазақстан облысында 5 күн ішінде 29 мас жүргізуші ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Мас жүргізуші» профилактикалық іс-шарасы өтіп, бес күн ішінде рульге спирттік ішімдік ішіп отырған 29 адам анықталды. Сондай-ақ, 1,5 мың адам жол қозғалысы ережелерін бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, түнде тәртіп сақшылары «Mitsubishi» көлігін басқарған 45 жастағы Петропавл тұрғынын тоқтатты. Ер адам қаладағы дәмханалардың бірінде демалған, спирттік ішімдік ішкен. Бірақ, бұл оған рульге отыруға кедергі болмаған.
Медициналық куәландыру жүргізушінің алкогольдік мас күйін растады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабы бойынша материал жиналып, 15 тәулікке қамауға алынды. Ол енді келесі 7 жыл бойы көлікті тек жолаушы ретінде ғана пайдалана алады.
Ал, Қызылжар ауданы Асаново ауылының маңында полицейлер 39 жастағы ауыл тұрғыны жүргізген «Mercedes» көлігін тоқтатты. Жүргізуші мас күйінде ішімдік ішкен жолаушыларды тасымалдаған, сонымен қатар оның көлік жүргізуге құқығы болмаған. ҚР ӘҚБтК 608-бабының 6-бөлігіне сәйкес, ол 20 тәулікке қамауға алынды.
«Әрбір мұндай сапар қайғылы аяқталуы мүмкін екенін түсінуі керек. 5 ай ішінде өңірде мас жүргізушілердің кінәсінен 9 жол-көлік оқиғасы болып, 4 адам қаза тапты, 11 адам жарақат алды. Мас күйінде көлік жүргізу фактілерімен күресу – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі міндеттерінің бірі», - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жалпы, СҚО жолдарында 5 күн ішінде полиция қызметкерлері 29 мас жүргізушіні тоқтатты. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1,5 мыңнан астам дерегі анықталды.