Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары ойын автоматы бар 6 залдың заңсыз қызметін тоқтатты
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып ойын автоматы бар 6 залдың заңсыз қызметін тоқтатты,
деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Ведомствоның таратқан ақпаратына сәйкес, заңсыз айналымнан барлығы 97 ойын автоматы мен 1 электронды рулетка алынған. Анықталған барлық деректер бойынша тергеуалды амалдары жүргізілуде.
Мәселен, Петропавл қаласындағы «Марк» кафесінде ақша ұтысын беретін 5 ойын автоматы анықталды. Тексеру барысында ойын автоматтарында ойнап, белгілі ақша сомаларын ұтқан немесе ұтылған азаматтар болғаны анықталды. Автоматтардың иесі түскен табысты күнделікті алып отырған, бірақ алынған кірісті еш жерде тіркемеген. Тексеру жүргізілген күні құмар ойындарын заңсыз ұйымдастырудан түскен табыс 13 500 теңгені құраған.
«Тексеру қорытындысы бойынша, ойын автоматтары иесінің әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы анықталғанын ескере отырып, тиісті материалдар Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жөнелтілді. Соттың қаулысымен ол 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 141 300 теңге айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мемлекет пайдасына өндірілді, ойын автоматтары жою үшін тәркіленді», делінген баспасөз баянында.