Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны жемістердің ішінен белгісіз зат тапты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жемістен белгісіз зат табылып, полицейлер тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жақында, Тайынша аудандық полиция бөлімшесінің кезекшілік бөліміне Қарағаш ауылының фельдшері хабарласқан. Медицина қызметшісінің айтуынша, оған жақында жемістерден дәріге ұқсайтын ақ түсті зат тапқан ауыл тұрғыны келген.
«Оқиға «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» қылмыстық бабының сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының Бірыңғай реестріне енгізілді. Табылған заттың не екенін анықтау үшін кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу жұмыстарына қатысы бар мекемелердің мамандары тартылып, қажетті сараптама жұмыстары тағайындалды», - деді тергеу басқармасының басшысы Қайрат Қасымбеков.
Істі полиция департаментінің басшысы мен облыстық прокуратура бақылауда ұстап отыр.