Солтүстік Қазақстанда алаяқтық жолмен оралмандар жәрдемақысын алудың бірнеше факті анықталды
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 177-ші бабы 3-тармағы «б» тармақшасы бойынша қылмыс жасады деп айыпталып отырған (аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі) Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты қылмыстық істі тексеруді аяқтады.
Департаменттің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, аталған тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 3 696 720 теңге соманың шығыны келтірілген. Зардап шегуші тарап - Көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті деп танылды. Қылмыстық іс Петропавл қаласының прокуратурасына берілді.
Қазіргі уақытта алаяқтық жолмен квота алу кезіндегі қылмыстарды анықтау жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бүгінде департаментте алаяқтықтың осындай 8 фактісі анықталды.