Солтүстік Қазақстанда айына 20 мың теңгеге күн көру ұсынылуда

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында ақпан айында жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 20 119 теңгені құрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі статистика департаментіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстанда айына 20 мың теңгеге күн көру ұсынылуда

Департаменттен атап өткендей, ең төменгі күнкөріс деңгейі өткен аймен салыстырғанда 0,7 пайызға, ал 2016 жылдың желтоқсан айына қарағанда 2 пайызға өскен.

«Оның құрылымында азық-түлікке - 12 071 теңге, басқа да тауарлар мен ақылы қызметтерге 8 048 теңге жұмсалатыны көрсетілген. Соның ішінде, ет пен балық сатып алуға кеткен шығындар 21%, май мен жұмыртқаға - 16,4%, жеміс-жидектер мен көкөністерге - 10,3%, ұн мен астық өнімдеріне - 9,4%, қант, шәй мен дәмдеуіштерге 2,9% пайызды құрады», - делінген хабарламада.

0-ден 13 жасқа дейінгі балалардың ең төменгі күнкөріс деңгейі 16 168 теңгені, 14-тен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерге - 25 415 (ұлдарға) және 19 472 (қыздарға) теңгені, 18 жастан асқан жұмысқа қабілетті тұрғындарға - 23 959 (ерлер) және 19 023 (әйелдер) теңгені, зейнеткерлер мен қарт кісілерге - 18 813 теңгені құрайды.