Солтүстік Қазақстанда бір тәулікте 68 адам коронавирус жұқтырды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте 68 адам коронавирусты жұқтырса, 50 адам жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 желтоқсанда өңірде коронавирус жұқтырған 68 адам анықталса, соның 32-сінде ауру белгілері болған.
Петропавл қаласы ауырғандар бойынша алда келеді, мұнда өткен тәулікте 43 жағдай тіркелді.
Аққайың ауданында – 9, Қызылжар ауданында – 5 және Жамбыл ауданында КВИ жұқтырған 4 адам анықталды.
Облыста ПТР зерттеулер жүргізетін 4 зертхана жұмыс істейді. Пандемия басталғалы 191 мыңнан астам адам тест тапсырған. Соның тек 3,9% ғана оң нәтиже берген.
Жалпы СҚО-да КВИ жұқтырудың 7509 жағдайы тіркелді.
Бүгіннен бастап облыс орталығында карантин шектеулері жеңілдетіліп, Петропавл мен Қызылжар ауданы аумағынан блокпостар алынды.