Солтүстік Қазақстанда егін түсімі биыл бітік болады деп күтілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы биыл егін жию көрсеткіштері бойынша таңғалдыруы мүмкін. Әзірге күздік дақылдар жиналып жатыр. Бұл шаруаның жартысы тындырылды. Сұлы мен арпа да орылуда.
Ендігі кезекте бидай тұр. Оның өнімділігіне деген болжам жаман емес. Оған ауа райы көмектесіп отыр. Мұны солтүстік өңірге барған ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов та қуаттады. Оның сөзіне қарағанда, егін жинау науқанына жасалған болжамдар жақсы.
Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркін жаңғырту мақсатында жыл басынан 6,5 миллиард теңгеге 615 заманауи техника сатып алынды. Соның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг талаптары бойынша 5 миллиард теңгеге 250 бірлік техника сатып алынды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың жиын-терін науқанына 7700 комбайн тартылады, оның әрбір үшіншісі жоғары өнімді.
Дизель отыны бағасының өсуі болжамына қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бұрынғыдай оны жеңілдікпен сатып алатын болады. Биыл Қзақситанға егін орағы науқанын жүргізу үшін 392 мың тонна дизель отыны, ал 1 тамызда жанар-жағармайға деген сұранысты толық жабу үшін резервтен қосымша 61 мың тонна бөлінді.
Солтүстік Қазақстан облысында сыйымдылығы 3,6 миллион тоннаны құрайтын лицензиясы бар 52 астық қабылдайтын кәсіпорын жаңа егіннің астығын қабылдауға дайын. Жыл басынан Уәлиханов ауданында сыйымдылығы 27 мың тоннаны құрайтын «Северная Нива» ЖШС дән сақтау қоймасы ашылды. Тағы 3 астық қабылдау бекеті ашылады. Озық қондырғылармен жарақтандырылған қойма сыйымдылығы 49 мың тонна.
2015 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бастырылған астық көрсеткіші бойынша елде бірінші орынға ие болды.