Солтүстік Қазақстанда КВИ жұқтырғандар бір аптаның ішінде 36 пайызға артты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді, қауіпті вирус өткен тәулікте 71 адамнан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстанда КВИ жұқтырғандар бір аптаның ішінде 36 пайызға артты

СҚО-ның бас мемлекеттік санитар дәрігері Әсет Жұматаев брифингте өңірдегі коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық жағдайға тоқталды.

18 қаңтар күні облыста КВИ жұқтырудың 71 жағдайы тіркелді. Бұл өткен аптаның ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,5% көп, яғни 52-ден 71-ге дейін өскен.

Коронавирус жұқтырғандардың 50-і дәрігерге ауырып көрінген. Жалпы науқастардың басым бөлігі – Петропавл тұрғындары, 31 адам ауырған.

Ал Ресеймен шекаралас М.Жұмабаев ауданында 10 адам КВИ жұқтырса, облыс орталығының іргесіндегі Қызылжар ауданында 8 адамнан анықталды.

Жамбыл, Тимирязев аудандарында – 7, Шал ақында – 4, Есілде – 2, ал Мамлют пен Аққайың аудандарында 1 жағдайдан тіркелген.

Облыста індет басталғалы 9633 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде 368 жағдай немесе 4 %-і сырттан әкелінген. 5887 адамда ғана ауру белгілері болған.

«Жұқтырғандардың басым бөлігі - 61 %-і немесе 5845 жағдайда медициналық көмекке жүгінген адамдар арасында тіркелген. 23 %-інде немесе 2174 жағдайда КВИ байланыста болғандар арасында анықталса, қалған 17 %-інде немесе 1614 жағдайда вирус сырқаттарда профилактикалық тексеру кезінде анықталды», - дейді Әсет Жұматаев.