Солтүстік Қазақстанда тұрғын үйлерді тағы да су басты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Айыртау ауданында тұрғын үйлердің су астында қалуы тағы да тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Солтүстік Қазақстанда тұрғын үйлерді тағы да су басты

«Константиновка ауылында таңертең  Бабық-Бүрлік өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты 12 жеке үй су астында қалып, соның ішінде 10 үйдегі тасыған судың деңгейі еденнен 8-10 см-ге жоғары болған. 27 адам эвакуацияланып, үшеуі эвакуациялық бекетке, 24-і туыстарына орналастырылды.  Сонымен қатар 30 ірі қара мал басы құтқарылды.

«17 сәуір күні 18.00-дегі жағдай бойынша судың деңгейі төмендеп, үйлерден су кетті. Жерқоймалар арқылы суларды айдау жоспарлануда», - деді баспасөз қызметінде.

Гусаковка ауылында 26 жеке үйді су басып, 14 үйдегі су деңгейі еденнен 20-50 см-ге жоғары болған. Тағы 12 үйге су басу қаупі төнген. 27 адам құтқарылып, 22 бас ірі қара мал эвакуацияланды. Қазір су деңгейі бәсеңсіп, үйлердегі сулар кетті.

Ғ.Мұратбаев атындағы ауданның Рузаевка ауылында су деңгейі төмендеді. Құтқарушылардың ақпараты бойынша, 175 үйдегі сулар кетіп, 10 үй  су астында қалды. Оның үшеуінде кісі тұрмайды. Жерқоймалар арқылы суларды айдау жоспарлануда.

Ақан-Бүрлік өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Чистополье ауылында 19 тұрғын үйді су басып, 54 адам эвакуацияланды. Судың деңгейі әлі өзгеріссіз тұр.

СҚО ТЖД баспасөз қызметі атап өткендей, 16-17 сәуір күндері Ғ.Мұратбаев атындағы және Айыртау аудандарындағы 6 елді мекеннің 259 тұрғын үйі тасқын судың астында қалды.  Эвакуациялық іс-шаралар жүргізілді, ешкім зардап шеккен жоқ.