Солтүстік Қазақстанда ҰБТ-ға телефон кіргізген 5 түлектің тест нәтижесі жойылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бес түлек Ұлттық бірыңғай тестілеу талабын бұзғаны үшін сынақтан шеттетілсе, тағы екеуі дене қызуы көтерілгендіктен тестілеуден өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстанда ҰБТ-ға телефон кіргізген 5 түлектің тест нәтижесі жойылды

Бүгін СҚО білім басқармасы басшысы Гүлмира Кәрімова онлайн брифинг өткізіп, өңірде ҰБТ-ның барысымен таныстырды.

Биыл облыс бойынша 2910 адам ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Оның 2478-і биылғы мектеп түлектері. Өткен жылмен салыстырғанда тестілеуге қатысуға тілек білдірушілердің саны 15,7% артқан.

Төрт күннің қорытындысы бойынша 834 адам тестілеуден өтті. Олардың ҰБТ тапсыру сәтін онлайн бақылауға мүмкіндік болды.

Қазіргі таңда ең жоғары – 128 балл Тимирязев ауданындағы Мичурино орта мектебінің түлегі Даяна Василюкке тиесілі. Жалпы 29 мектеп бітіруші 100-ден жоғары балл алды.

«Ұялы телефон қолданғандары үшін аудиториядан 5 түлек шығарылып, акт толтырылды және олардың тест нәтижесі жойылды. Олар Ғ.Мүсірепов ауданының – 2, Тимирязев ауданының – 2 және Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының бір түлегі. Тағы екі бала дене қызуының жоғарылауына байланысты тестілеуге жіберілмеді», - дейді Гүлмира Кәрімова.