Солтүстік Қазақстанда волонтерлер 12 адамды іздеп табуға көмектесті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында волонтерлер полицейлермен бірге 900-ден астам құқық бұзушылықты анықтап, 12 адамды іздеп табуға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметінде волонтерлердің еңбегі орасан.
Олар учаскелік инспекторлардың оң қолына айналған. Еріктілер монитор алдына отырып, бейнебақылау жүргізеді.
Осындай жұмыстың нәтижесінде биыл 900 астам құқық бұзушылық анықталған.
Волонтерлер із-түзсіз жоғалғандарды іздеуде де таптырмас көмекші. Биыл олар тәртіп сақшыларымен бірге осындай 70 операцияға қатысты.
Полицейлермен иық тіресе жоғалғандарды орман массивтерінен, саяжай учаскелерінен, жертөлелер мен қараусыз қалған үйлерден және жүруі мүмкін басқа да жерлерден іздеді.
Еріктілер әлеуметтік желілерде бағдарларды таратып, танымал паблик әкімгерлерімен жақсы байланыс орнатқан. Осылайша биыл 12 адамды іздеп табуға көмектесті.
Белсенді жастар полицейлермен профилактикалық жұмыстарды да атқарады.
Қылмыстың алдын алуға бағытталған түрлі жадынамаларды таратып, 400-ден астам есірткі граффитиін бояды.
«Волонтерлермен өзара қарым-қатынас тек биыл ғана қолға алынған жоқ. Жақсы тәжірибеміз бар. Бүгінде жастар интернеттің мүмкіндіктерін жақсы меңгерген. Олар өз күштерімен іздестіру іс-шаралары, акциялар бойынша, есірткіге қарсы тақырыпта бейнероликтер әзірлеп, әлеуметтік желілер арқылы таратады. Кейде бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын өздері де ұсынып жатады. Біз алдағы уақытта да аталған қоғамдық резервті барынша пайдаланамыз», - дейді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.


