Солтүстік Қазақстанда жағдай тұрақты - ТЖК
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті су тасқыны бойынша Солтүстік Қазақстанда жағдайдың қандай екенін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Солтүстік Қазақстан бойынша: Сергеев су қоймасы арқылы судың жиектен асып ағуы 127 сантиметрді құрап, бір тәулікте 21 сантиметрге көтерілді. Десе де, Солтүстік Қазақстаннан келіп жатқан баяндамаларға сәйкес, жергілікті шағын өзендерде су азая бастаған. Ал Атбасардан және Колутоннан су Сергеев су қоймасына дейін 10 күнде жетеді», - деді ТЖК бастығы Владимир Беккер ведомствода өткен брифингте.
Оның айтуына қарағанда, аталмыш өңірде су басу қаупінен үрейленетіндей себеп жоқ.
«Сергеев су қоймасынан су деңгейі ең соңғы рет 2017 жылы қатты көтеріліп, 3,32 сантиметрге жеткен еді. Биылғы су деңгейі одан біршама төмен. Міне, сол себепті ол жақта жағдай айтарлықтай тұрақты», - дейді Владимир Беккер.
Еске сала кетсек, шамамен осыдан бір апта бұрын СҚО-ның Уәлиханов ауданындағы су басу қаупі бар Қаратал ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Қаратал ауылының тұрғындары эвакуациялық бекет - Қулыкөл ауылындағы мектепке уақытша орналастырылған еді.
Айта кетсек, бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Ақмола облысындағы тасқын жағдайы қандай қауіп тудырып тұрғанын айтып берген болатын.
Оның сөзіне қарағанда, Атбасардағы бөгет аса ауқымды мөлшердегі суды ұстап тұр.