Солтүстік Қазақстанда Жеңіс күні аталып өтті
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөз сөйледі: «Жылдар өтіп, ұрпақ ауысады. Алайда Жеңіс еліміздің ұлттық бірлігі мен айбынды қажыр-қайратының нышаны болып қала бермек. Бұл күні еліміздің жарқын келешегі үшін айқасқан ардагерлер алдында бас иеміз. Сұрапыл майданда және тылда өмірлерін қатерге тігіп, елді фашизмнен қорғағандарға алғыс білдіреміз, Жеңіс күні - елдің бірлігі мен рухани күшінің символы!».
Өңір басшысы келешек ұрпақтың міндеті теңдессіз мұраны ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізу екенін атап өтті.
«Батырларымыздың ерлігін үлгі тұтып, елдің, өлкенің, республиканың патриоттары - келешек ұрпақты тәрбиелеп келеміз. Солтүстікқазақстандықтар Мәскеу, Сталинград, Курск түбіндегі айқастарға қатысты. Жерлестерімізден аты аңызға айналған 314-ші атқыштар дивизиясы құрылды. Олар Ленинград қоршауын бұзуға, 20-дан астам қаланы, 1000-нан астам елді мекенді азат етуге қатысты. 55 сарбаз Кеңестер Одағының батыры, 11-і Даңқ орденінің кавалері болды. Он мыңдаған солтүстікқазақстандықтар ордендер мен медальдар алды», - деді ол.